RU

Португалияға апатты жағдайда қонған Air Astanа ұшағы туралы дерек шықты

Air Astana әуе компаниясы Португалиядан Қазақстанға бағыт алған ұшақтың апатты жағдайда қонуына не түрткі болғанын мәлім етті. Компания өкілінің айтуынша, олқылықтың орын алуына шетел әуежайында жасалған жөндеу жұмыстары себеп болуы мүмкін деп хабарлайды NUR.KZ.

Көрнекі фото: 1zoom.net
Көрнекі фото: 1zoom.net: UGC

Португалия - Қазақстан бағытындағы ұшақпен болған оқыс оқиға ұшар алдында жүргізілген жөндеу жұмыстарының салдарынан болуы мүмкін. Бұл туралы Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер айтып берді.

Фостердің сөзіне сүйенсек, португалиялық әуежайдан шыға сала ұшақты басқаруда қиындық туындаған.

"Алғашқы тексеруден кейін ұшақтың қалпын ұстап тұруға жауап беретін тетікте ақау бары анықталды. Нәтижесінде экипаж қолайсыз ауа райы кезінде әуе кемесін басқаруда біршама қиындықтар сезінген", - деді ол.

Сондай-ақ, компания өкілі апатты жағдайда қонған ұшақты тәжірибелі мамандар басқарғанын жеткізді.

"Әуе кемесінің командирі осы уақытқа дейін 5340 сағат ұшқан. Оның 4000 сағаты Embraer-190 ұшағында және 800 сағаты командир ретінде өткен.
Екінші және үшінші ұшқыштар 3000 және 2000 сағат әуеде өткізген", - деді баспасөз қызметі.

Ақаулардың бары анықталғаннан кейін ұшқыштар қажетті шаралардың барлығын қабылдап, қауіпсіз қонуға көмектескен.

Капитан басқа да ұшқыштармен бірге жағдайды ретке келтірген соң авиаторлар белгі беріп, оған Монте-Реалдағы әскери база көмекке келіпті.

Осыдан кейін әскери ұшқыштардың еріп жүруімен Embraer-190 азаматтық ұшағы Бежа қаласындағы әуежайға қонған.

Сырттай тексеруден кейін ұшақтың навигациялық құрылғысына зақым келгені анықталды.

Питер Фостер енді аталмыш құрылғының істен шығуына не түрткі болғанын анықтау үшін тексеріс жүргіземіз деп отыр.

Еске салсақ, 1 қараша күні Air Astana әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Португалия аспанында апат дабылын қаққан.

Осыдан кейін ұшқыштар Бежа әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Алайда ұшақты үшінші талпыныстан кейін ғана жерге қондыру мүмкін болыпты. Ұшқыштар әуе кемесін Атлант мұхитына қондыруды да жоспарлаған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763115-portugaliaga-apatty-zagdajda-kongan-air-astana-sagy-turaly-derek-sykty.html