RU

"Эйр Астана" Португалияда апатқа ұшырай жаздаған ұшаққа қатысты түсініктеме берді

Бүгін Португалиядан Қазақстанға бет алған Air Astana компаниясының ұшағынан ақау шығып, ол мәжбүрлі түрде Бежа әуежайына қонған болатын. Апат дабылын қосқан әуе кемесіне тіптен Португалияның екі әскери ұшағы көмекке барған. "Эйр Астана" әуе компания төтенше жағдайға байланысты түсініктеме берді деп хабарлайды КТК арнасы.

Фото:uralskweek.kz
Фото:uralskweek.kz: UGC

Жерге қонған ұшақ ішінде тек экипаж мүшелері болған. Екеуіне медициналық көмек көрсетілген.

"Эйр Астана" компаниясы Португалияда жоспарлы жөндеуден енді ғана шыққан ұшаққа не болғанын түсіне алмай отыр.

"Қазір бір нәрсені кесіп айту қиын. Ақауға не себеп болғанын анықтайтын тексеріс жүргізіледі. Экипаж мүшелері мен инженерлер әзірге Португалияда қалады. Жоспарлы жүргізілген жөндеудің салдары деуге негіз бар. Ұшақты ОГМА компаниясы тексерген", - деді "Air Astana" АҚ президенті Питер Фостер.

Айта кетейік, оқыс оқиғаға қатысты тексеруді Португалия тарапы жүргізетін болады. "Embraer 190" ұшағы 2013 жылдан Орталық Азия елдеріне жолаушы тасыған.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең қазақстандық Эйр Астана әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Португалия аспанында апат дабылын қаққан болатын.

Көп ұзамай Португалияға апатты жағдайда қонған Air Astanа ұшағы туралы дерек шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763159-ejr-astana-portugaliada-apatka-syraj-zazdagan-sakka-katysty-tsinikteme-berdi.html