RU

Ақтөбе облысында құс фермасы бар кәсіпкер жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Ақтөбе облысында 54 жастағы тұрғын үш күннен бері табылмай жатыр. Соңғы рет Кенжебай Алдашов төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып көмек сұраған. Өзінің адасып кетіп, шұңқырға тап болғанын айтқан деп хабарлайды КТК арнасы.

Фото: Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр: UGC

54 жастағы Кенжебай Алдашов жарты жыл бұрын құс фермасын жалға алған.

Жұма күні шаруа қожалығынан шыққан ер адам Ақшат ауылына келген. Бұл жақта таныстарын жолықтырып, түн ішінде облыс орталығына қайтады.

Осыдан кейін Алдашевті ешкім көрмеген.

Кенжебай Алдашов фермадан шыққан күні туыстарына хабарласпаған. Тек адасып жүргенін айтып, төтенше жағдай қызметіне бір рет қоңырау шалған екен.

"Осы Ақжар ауылынан бастап, осылай қарай келе жатырмыз. Судың жағасымен, сай-сала шұңқырларды да қарап келеміз", - дейді іздестіру тобының жетекшісі Нұрбол Бозшин.

Айта кетейік, іздестіру жұмыстарына өңірдегі құтқару қызметінің мамандары мен кинологтар жұмылдырылған.

Өзен аумағын квадракоптермен төбеден шолып та шыққан. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.

Дереккөз: КТК

Видео: 31 арна

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763160-aktbe-oblysynda-ks-fermasy-bar-ksipker-zmbak-zagdajda-zogalyp-ketti.html