RU

Өскеменде ұры жігіт кейуананы жарты сағатта екі рет тонаған

Өскеменде бұрын сотталған қарақшы 85 жастағы кейуананы жарты сағат ішінде екі рет тонап, жаға ұстатты деп хабарлайды AltayNews.kz.

ШҚО-да ұры жігіт 85-тегі қарияны жарты сағатта екі рет тонаған
Көрнекі фото: AltayNews.kz: UGC

Алғашында зейнеткерді итеріп жіберген ол қолындағы сөмкесін тартып алып, алды-артына қарамай тұра қашқан.

Алайда сол жердегі куәгерлердің бірі зытып бара жатқан ұрыны ұстап алып, қарияның затын өзіне қайтарып бергізеді.

Оқиға орнында зардап шеккен қарт әжей қарақшыға кешірім беріп, полиция бөлімшесіне шағымданудан бас тартқан.

Бірақ арам ойлы азамат мұнысымен тоқтай қоймапты. Қайырымсыз жігіт егде жастағы кейуананың артынан аңдып, бұзақылық әрекетін іске асырған.

Осы жолы алып кеткен дорбаның ішінде тек тәттілер мен мың теңгеден аз ақша ғана болыпты.

Барлық жағдайдан соң жәбірленуші құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінуді жөн көрген.

Қазіргі уақытта ұры жігіт темір торға тоғытылды. Енді ол 4 жыл 6 ай бойы қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемесінде жазасын өтейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763201-skemende-ry-zigit-kejuanany-zarty-sagatta-eki-ret-tonagan.html