RU

Малика Мұхитованың қорғаушысы сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді

Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменовтің өліміне қатысты Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығы Қайрат Мұхитовтың қызы Малика Мұхитованы сот отырысында қорғаған адвокат Дмитрий Куряченко сот үкімімен келіспейді. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлады.

NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC
"Міндетті түрде шағым түсіреміз. Оқиғаның орын алуына Ескендір тарапынан әсер еткен жағдайлардың ескерілуін талап етеміз. Мұнда бірде-бір жайт ескерілмеді. Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы бойынша ауыр қазаға, жол-көлік оқиғасына себеп болған жәбірленушінің де кінәлі әрекеттері ескерілуі тиіс", - деді адвокат сот үкімінен кейін.

Дмитрий Куряченко Ескендір Сүлейменов жүргізген мотоциклдің жылдамдығы үш сараптама үш түрлі болып шыққанын айтып өтті.

Естеріңізге сала кетейік, жол-көлік оқиғасы 22 маусым күні Астана қаласында болған. Малика Мұхитова тізгіндеген шетелдік көлік Ескендір Сүлейменовтің мотоциклімен соқтығысқан болатын. Жігіт оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

Бүгін, 13 қараша күні айыпталушы қызға сот үкімі оқылып, ол екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763229-malika-mhitovany-korgausysy-sot-kimimen-kelispejtinin-mlimdedi.html