RU

Оралдық келіншек емізулі сәбиімен бірге арыққа құлап кетті (видео)

13 қараша күні Оралда қолында кішкентай нәрестесі бар келіншек арыққа құлап кетті. Қазіргі таңда олар облыстық ауруханада дәрігерлердің тексерісінен өтуде деп жазады Уральская неделяға сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: Скриншот
Фото: Скриншот: UGC

Оқиға тапа-тал түсте орталық базар ауданында орын алған. Қолында кішкентай нәресте бар әйел адам ашық тұрған арыққа құлап кетіпті.

Оған бірінші болып сол жерде өтіп бара жатқан адамдар көмекке келген. Ер адамдар баласымен бірге құлап кеткен келншекті арықтан шығарып алды.

Оқиға орнынан түсірілген видеоларды куәгерлер жергілікті басылымның редакциясына жіберген. Бейнежазбадан кішкентай сәбидің шырылдап жылап жатқанын аңғаруға болады.

Бұл жағдай жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы өз мәлімдемесін жасады.

"Бізге сағат 12:25-те оқиға жөнінде хабар түсті. Нұрпейісов көшесіне жедел жәрдем қызметін жөнелттік. Әйел мен нәресте бірден облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда олар тексерістен өтіп жатыр. Келіншектің шағымы жоқ, баланың жағдайы болса анықталып жатыр" , - деді басқарманың баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпұсынова

Оған қоса, оқиға орын алған жердің жолына жөндеу жұмыстарын "ТВИК" ЖШС-і жасағаны белгілі болды.

Анықталғандай, әйел адам мен нәрестеге зақым келтірген арықтардың беті жоба бойынша тормен жабылуы керек болып шықты.

"Қазіргі таңда құрылысшылар арықтардың бетін тормен жабу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар өз ісін апта соңына дейін бітірмек" , - деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763448-oraldyk-kelinsek-emizuli-sbiimen-birge-arykka-klap-ketti-video.html