RU

ШҚО-да шенеуніктер қарапайым тұрғындарды қасқырдан аман алып қалды

ШҚО-ның Қатонқарағай ауданында боранда адасқан үш тұрғынды Ново-Полякова ауылының әкімі бастаған іздеу тобы қасқырдан құтқарып қалған. Бұл туралы altaynews.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

etsy.com
Көрнекі фото:etsy.com: Facebook

Павел Лигостаев, жұбайы Салауат Табысбаева және Бекболат Тенекев Ново-Поляновка ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан омартаға барған. Жол ұзақ болғандықтан, олар жолға келесі күні таңертең шығуды жөн көрген.

Келесі күні таңертең жолға шыққандарында күн ашық болған екен. Кейін күн күрт бұзылған.

"Күн күрт бұзылды. Жолға шыққан соң бір жарым сағаттан кейін боран соғып, айналаның бәрі ақ түтекке айналды", - дейді Павел.

Жолаушылардың қолында балта мен телефоннан басқа ештеңе болмаған. Қырсыққанда жолда телефон байланысы да ұстамайды екен. Абырой болғанда олар байланыс ұстайтын жер тауып, құтқару қызметіне қоңырау соғып, қайда екендерін жобалап айтқан.

Боранда қалғандарды құтқаруға Ново-Поляковка ауылының әкімі Сержан Байбосынов, ауылдық округтің маманы Асхат Рахимов, жүргізуші Дамир Әубәкіров, учаскелік полицей Радмир Бұтабаев, фельдшер Наталья Дарқымбаева және Огнево ауылының тұрғындары Айтқазы Құстыбаев пен Серік Алтынов аттанған.

"Кешкі алты шамасында боран басылды, бірақ қалың қар жауа бастады. Бізді қасқыр торауылдап жүрді. Аңды үркіту үшін айғайлап, қолшамның жарығын жағып отырдық", - деді Павел Лигостаев.

Құтқару тобы адасқандарды түнгі бір шамасында тапқан. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, елді мекендеріне жеткізген.

"Бізді атпен жүрген Ново-Поляковка әкімі Сержан Байбосынов, Айтқазы Құстыбаев және Серік Алтынов тапты. Дәл сол кезде ұялы телефонымыз өшкен болатын", - деді Павел.

Боран туралы ескерту ұялы телефондарға хабарламамен жіберілген екен. Алайда омартада ұялы байланыс болмағандықтан, тұрғындар ол хабарламаны алмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763713-sko-da-seneunikter-karapajym-trgyndardy-kaskyrdan-aman-alyp-kaldy.html