Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның атақты әншісі үлкен ізденісте

Опубликовано:

Әнші Қарақат Әбілдина – халқымыздың жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан дарынды қызы.

- Қарақат, қазір сіз Қазақстандағы атақты әншінің бірісіз. Қайда барсаңыз да қошамет көрсетіліп жатады. Атақ-даңқ адамға қалай әсер етеді?– Атақтың оң, не теріс әсер етуі әркімнің өзіне байланысты. Адам өзінің орынын, деңгейін білуі тиіс. Тым астамсып, дандайсып кетуге болмайды. Ең әуелі, өз-өзіне сыни көзбен қарап, жетістігі мен кемшілігін айырып, саралай білу керек. Міне, осындай адам ғана ерсі қылықтарға бармайды. Кейбіреулердің тым артық кетіп жататын тұстарын байқаймыз. Әрине, Алланың берген өнерін бағалап, алақанына салып, аялап, қолпаштап, қолдап жататын халқыма мың тәуба. Мұндай ақ пейіл, ақжүректілік біздің ұлттан басқада жоқ. Өнеріме тәнті болып, қызығып, еліктеп жатады. Осындай ауыр жүкті, дәстүрлі өнердің туын жықпайды деген зор сенімін арқалай білуіміз керек. Ұлы өнердің алдындағы жауапкершілікті сезінемін. Мен де – үлкен ізденісте жүрген көп пенденің бірімін. Алладан сұрайтыным, өле-өлгенше осы өнеріме адал болып, халықтың ықыласына лайық болсам екен.- Тыңдарманыңыз "ық-ыласқа лайық" көрген болар, сіздің атыңызға фанклуб (фанаттар клубы) ашты емес пе?– Иә, фанклубқа жазы-лушылардың қатары көбейіп келе жатыр. "Көңілден көңіл су ішер" демекші, өз тыңдармандарыңмен араласып тұрған жақсы. Хат жазып, хабарласып, ел аралап жүрген кезімде алдымнан жастар шығып, мен сізге ұқсағым келеді, әндеріңіз ұнайды дегенде, кішкентай да болса, көңілің бір серпіліп қалады. "Бір ауыз сөз қасіретті тияды, бір ауыз сөз жамандыққа қияды" демей ме халқымыз. Бір ауыз сөз адамды өсіреді, не өшіреді. Тыңдарманыммен кездескен сәтте, "шын мәнінде, мен осындаймын ба, осы ықылас, ниетке лайықпын ба?" деп ойланып, одан бетер сын көзбен қарай бастаймын. "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап" дейді Абай мұндайда- Қазақстан эстрадасына соңғы кезде өзбек әншілері де үлес қоса бастады. Кейінгі кезде тіпті, олар қазақша ән жазып сіздермен бір "алаңда" кездесіп қалып жүр. Өз әншілеріміз ішінде бұл құбылыс қалай талқыланады?– Мен ол кісілерді толығымен құптаймын. Егер қолыңнан келсе, күш-жігерің жетсе, тек көршілес елдерді ғана емес, неге бүкіл әлемді өнеріңмен жаулап алмасқа?!. Олар біртіндеп өз мақсатына жетіп келеді. Ол біздің қолымыздан келмей ме, неге біз де солай етпейміз? Еуропаны демей-ақ қояйын, көршілес жатқан қырғыз, өзбек елін талантыңа тамсандыруға болатын сияқты.

- Ол ел сіздерді сахнасынасына шығарады ма? Өйткені орыстың Кабзон сияқты әншісінің өзі қайбір жылдары Өзбекстанға кіре алмай қойып еді ғой...

– "Олар өйтіп жатыр, бүйтіп жатыр",- деп сан сабалап, өзгенің арманына көз алартқанша, өз өнерімізді дамытайық дегім келеді. Юлдашев пен Шахзода сияқтылар көп, бірі кетсе, екіншісі келеді. Оларды тыңдаушылар да күн артып көбейіп келеді. Неге бұлай деп таңғалуға болмайды? Өйткені өзгені дәріптейтіндігіміз өз ана тілімізді сыйламағандықтан, ұлтымызды өзіміз қадірлемегендіктен.- Әншінің қайғысы не?– Аллаға шүкір, әнші көп. Өнер иелеріне бар жағдай жасалған. Бірақ қынжылтатын нәрсе – дәстүрлі өнердің кенже қалып қойып, эстраданың алдыңғы орынға шығып кеткені.

- Дәстүрлі ән дедіңіз, әнге қатысты болмаса да дәстүрге қатысты бір сұрақ: дәстүрді үйде ұстанасыздар ма? Әсіресе бала тәрбиесінде...

– Ер адам түздің адамы болғандықтан, баланың тәрбиесімен айналысатын анасы болуы тиіс. Меніңше, тәрбиенің көзі дінде жатыр. Баланы жастан тазалық пен адалдыққа үйретіп, әрбір жаман іс пен жақсы қылығыңды Құдайдың көріп тұратынын ескертіп отырса ғана тәрбие жемісті болмақ. Адам бір Құдайдың барлығын жадынан шығармаса, ұрлық, көзбояушылық, өтірік, өсектен аулақ болады. Өзім көп балалы отбасында дүниеге келдім. Мұндай отбасында тәрбиеленген бала көпшіл, мейі-рімді, ашық, қарапайым болып келеді. Бала тәрбиесінде осыны ескеру қажет. Мысалы, өз басым қонақ күткенді, қонаққа барғанды жақсы көремін. Біреуден сыйлық алғанды, біреуге сыйлық бергенді ұнатамын. Жанымдағыларды, жақындарымды қуантқым келіп тұрады. Солардың назарынан тыс қалмауға және ешкімді назарымнан тыс қалдырмауға тырысамын. Айналамдағы адамдарға титтей де болса, жақсылық жасағым келеді. Кішкентай нәрсеге қуана білу, аз да болса, жетістікке ырза болу, шүкір ету – бәрі қазақтың қанында бар, ананың сүтімен даритын қасиет. Осыменен тірлігіміз мәнді, өміріміз мағыналы сияқты. Ешкімнің есігін ашпайтын, ешкімді қонаққа шақырмайтын, томаға -тұйық, жұртпен араласпай жалғыздан-жалғыз өмір сүретін жандар да болады. Одан Құдай сақтасын! Бұл – нағыз қазаққа жат қасиет. Бір сөзбен айтқанда, қазақ қонақжай болуы тиіс. Осы тұрғыда алғанда баламның тәрбиесі көңілімнен шығады, ол көпшіл, тез тілтабысқыш. Ал, өзгесі – уақыттың еншісінде, қалғанын Алла уақытында көрсете жатар.- "Дін" деп отырсыз. Қазір діни экстремизм еліміз үшін аса қауіпті. Сондықтан, бұл мәселені талқылау барлығымызға ортақ деп ойлаймын. Әншілер арасында діни қауіп талқыланады ма? Әсіресе, “уаххабилікпен” таныссыз ба?– Иә, таныспын. Жат ағымдармен шаруам жоқ. - Соңғы сұрағым, газет оқырмандарына айтар тілегіңіз бар ма? – Ана тілімізде жарық көретін газет-журналға үлкен құрметпен қараймын. "Үш қиянға" талғамдарыңыз биік, жақсы жаңалықтармен қуанта беріңіз демекпін. Оқырманға ұзақ ғұмыр, жақсылық пен бақыт тілеймін.- Әңгімеңізге рахмет!

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/176424-kazakstannyn-atakty-enshisi-ylken-izdeniste/

pixel