RU

Әлемге әйгілі Кови мен Харари қазақ тілінде сөйледі

Алматы қаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемге әйгілі екі автор Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» және Юваль Ной Хараридың «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» кітаптары қазақ тіліне аударылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы, Ұлттық аударма бюросы және «U38» Университеттер Альянсының өкілдері хабарлады.

Кови және Харари қазақ тілінде сөйледі

Баспасөз мәслихатын ашқан Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов өз сөзінде біздің жастарымыз үшін мұндай әдебиеттердің маңызды екендігін атап өтті.

«Жақында Алматыда өткен I-ші Халықаралық Жазушылар Форумында әйгілі поляк жазушысы Януш Вишневский қазақстандық оқырмандарды жоғары бағалап, қазақ елінің кітапты көп оқитынын айтып өткен еді. Аударылған бестселлерлер, сөзсіз, адам капиталын дамытуға, бәсекеге қабілеттілік пен прагматизм рухында жаңа ұрпақ тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Мысалы, Стефен Ковидің кітабы әлемнің ең ықпалды 25 кітабының біріне ие болды және біз әлемдік автордың жұмысы қазақ тілді аудиторияларға қолжетімді болатынына қуаныштымыз. Өз кезегінде, Ұлттық аударма бюросына және «U38» Университеттер Альянсына кітаптарды аудару бойынша жоғары деңгейде жұмыс жүргізгендері үшін алғыс айтамын», -деді Н.Сыдықов.

«100 жаңа оқу құралы» жобасының шеңберінде аударылған барлық кітаптар қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байытуға, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық стильді жетілдіруге, ғылыми зерттеулердің заманауи әдістемесін игеруге және оларды таныстыру әдістеріне үйренуге мүмкіндік береді.

Рауан Кенжеханұлының сөзіне сүйенсек, кітаптар әлемнің 40-тан астам тіліне аударылып, қазіргі таңда Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қазақ тіліне де аударылды.

Алматы қаласының жоғары оқу орындарының жетекші оқытушылары жоғарыда аталған кітаптардың аударма жасауға ат салысқандығын және жыл соңына дейін елдің барлық ірі университеттері мен кітапханаларына жеткізілетінін «U38» университеттер Альянсының төрайымы Жаманбалаева Шолпан Ерболқызы атап өтті.

«Еліміздің барлық аймақтарындағы жастар жаһандық білімге қол жеткізіп, ойлау мен тәжірибе жүргізу дағдыларын дамытуға ұмтылады. Мысалы, Харари кітабы миллиондаған оқырмандарға адамзат тарихының мәдени өзгеру тұрғысын танытып, әлем туралы өз ойларын дамытуға мүмкіндік береді. Стивен Ковидің арқасында миллиондаған адам өзінің жеке белсенділігін арттыруға шабыттанады. Бұл кітаптарды оқыған кез-келген еліміздің азаматы өздерін әрі қарай дамытып, әлемге танымал басқа да шығармаларды зерттеуге ынталы болады деген үміттеміз», - деді Ш.Жаманбалаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1765091-lemge-jgili-kovi-men-harari-kazak-tilinde-sjledi.html