RU
Шымкентте жұма сайын жұртты моншаға тегін түсіретін азамат көпті тәнті етті
Жаңалықтар Қоғам

Шымкентте жұма сайын жұртты моншаға тегін түсіретін азамат көпті тәнті етті

Рассказать Вконтакте

Шымкент қаласы "Қазығұрт" ықшам ауданының 43 жастағы тұрғыны Ғабидолла Тұрлиев жұма сайын жұртты моншаға тегін шомылдырып, елдің ықыласына бөленуде деп жазады "Замана" басылымы.

Фото: Замана басылымы. Коллаж: NUR.KZ

Фото: Замана басылымы. Коллаж: NUR.KZ
Source: Instagram

Ғабидолла Тұрлиевтің бір жыл бұрын салынған моншасы әр жұма күні түске дейін ақысыз, тегін қызмет көрсетеді.  Бұл жайында Шымкент тұрғынының жұбайы Гүлзира айтып берген.

"Моншаны былтырғы қарашада іске қосқанбыз. Ақысын адам басына 600 теңге деп бекіттік. Алғашқыда осы маңайдағы көрші-қолаң, тамыр-таныстар естіп-біліп, біртіндеп келе бастаған.

Ара-арасында  жұма намазға баруға ниеттеніп, шайынып шығуды өтінген жастар келіп жүрді. Олар бас-аяғы 10-15 минутқа шайынып шыққандарына 200 теңге ұсынатын. Онысын өзім де алмайтынмын ұялып. Қанағат, ынсап болуы керек қой адамда", - деп әңгімесін бастаған келіншек жұма күні моншаға тегін түсіру туралы ой пайда болғанын айтып берді.

"Содан бірде жұма күні түске дейін моншаға тегін түсуге мүмкіндік беру туралы ойда жүрген ұсынысымды айтып, үйдегілермен ақылдастым. Олар мұны құптап, бір ауыздан қолдады. Сосын қағазға xабарландыру жазып, есікке ілдіртіп қойдым", - дейді Гүлзира.

Оның айтуынша, бұл моншаға келушілердің дені ер адамдар екен.

Кейде қария­лар арнайы келіп, отағасы Ғабидоллаға алғыс айтып, бата беріп кететін көрінеді.

"Жұма күні таңғы сағат 10-ның шамасында моншаны жағып қоямын да, өзім жекеменшік дүкенде сауда-саттық жасап отырамын. Моншаға келу­шілерді санап, бет­теріне басқандай болмайын деп, өзім есікті ашып кетіп қаламын", - дейді Гүлзира.

Сондай-ақ, келіншек осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткен енесінің түсіне кіруі әсер етіп, жұма күні бір адамға болса да, жақсылық жасауды ниет еткендерін жасырмады.

"Бірде түсіме марқұм енем кіріп, "Баня жағып қой, екі кемпір болып барамыз" деді. Бәлкім осы бір тылсым түс ой салды ма, жұма күні бір адамға болса да жақсылық жасағымыз келді", - деп сөзін аяқтады келіншек.
Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
1
43
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel