RU

Қазақшаға судай өзге ұлттың балалары жайлы не білеміз? (фото)

Ақтөбеде өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақша сайрап тұр. Олар дәстүрді жатқа айтып, ұлттық тағамдарды сүйсіне жейді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Темір ауданындағы балалар үйінде осындай қазақы тәрбиемен ата-ана қамқорлығынсыз қалған үш отбасының баласы өсіп келеді.

"Қазір бізде 9 және 17 жас аралығындағы 10 бала тәрбиеленіп жатыр. Бәрі де бір мектепке барады. Бес ұл, бес қызымыз бар. Қыздар мен ұлдардың бөлмелері бөлек. Үйдің кенжесі Борис есімді 9 жастағы ұлымыз. Ол өзі төрт ағайынды бала. Екі ағасы мен апасы да біздің тәрбиемізде.
Бір үйдің балаларын бөлмей, бауырларымен бірге тәрбиелеп отырмыз. Екі, үш, төрт ағайынды балалар бар. Бір отбасының балалары болғаннан кейін жалғыздықты сезінбейді. Бір біріне "менің ағам", "менің апам" деп қарайды. Балаларға үлкенмен қалай сөйлесу керек, қонақ күту әдебі, қазақтың салт-дәстүрлерін үйретеміз", - дейді орталық маманы Жанар Кокаманова.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Орталықта тәрбиеленіп жатқан он баланың біреуі ғана қазақ қызы. Қалған балалар өзге ұлт өкілдерінен.

"Бізде барлық бала қазақ тілінде сөйлейді, ұлттық дәстүрлерімізді біледі. Осыған дейін біздің орталықта біріңғай қазақ балалары тәрбиеленіп келді. Биыл Алға балалар үйінен тоғыз баланы алдық. Балалардан мүмкіндігінше ана мейірімін аямаймыз.
Мемлекетіміз балаларға үйдің тәрбиесін сезініп өссін деп барлық жағдайды жасап жатыр. Бала сабақтан келгенде "Айналайын, кел, тамағыңды жей ғой" деген сөздің өзі бөлек. 18 жасқа толып, мектебін бітіргеннен кейін балаларды оқуға жібереміз. Ол кезде бұл балалардың заңды өкілдері оқып жатқан университет, колледждері болып кетеді.
Бірақ, өзімізден шыққан балалармен байланыс үзбейміз. Әлеуметтік желілер арқылы бақылап отырамыз. Бітіріп кеткен балаларымыз туыстары секілді бізді іздеп келіп тұрады", - дейді Жанар.

33 жастағы келіншек өзін көп балалы, бақытты ана санайды. Өзінің туған екі баласымен қатар қамқорлыққа мұқтаж он балаға тәрбие беріп отыр.

Аудандағы отбасылық балалар үйі облыстық бюджет тарапынан қаржыландырылып отырған мемлекеттік мекеме саналады. Ерекшелігі балалар үй жағдайында тәрбиеленеді.

Орталық 2002 жылдан бастап жұмыс істеп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1767813-kazaksaga-sudaj-zge-ltty-balalary-zajly-ne-bilemiz-foto.html