RU

Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған үш баланың анасына қатысты деректер шықты

Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған Сайрангүл есімді әйел ауыр жарақаттардан кейін ауруханада бір айға жуық уақыт жатқан деп хабарлайды NUR.KZ.

Көрнекі фото: ipne.ws
Көрнекі фото: ipne.ws: Depositphotos

Миы өлсе де, жүрегі соққан келіншек көп уақыт жасанды тыныс алу аппаратының көмегімен өмір сүрген. Есін жинай алмаған жас келіншектің өмірін сақтап қалуға дәрігерлер қанша тырысса да, келіншек бүгін таңғы төрттер шамасында үзіліп кеткен.

"Сайрангүлді №4 қалалық клиникалық ауруханадан 29-шы желтоқсан күні осында әкелді. Бұл жерде емдеу нәтижесіз, тек өмір сүру уақытын ғана созатын адамдарды жатқызады. Оның жамбас сүйегі көп жатқаннан шіри бастаған терісі сынды қолдан келген көмекті жасадық. Бірақ, оның асылуы, жарақат алуы сынды бастапқы диагнозы өзгеріссіз қалды", - дейді "Алматы қалалық паллиативті көмек орталығының" МКК дәрігері Марина Рахимова.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Алатау аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде Қылмыстық кодекстің 105 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Бүгін мәлім болғандай бұл келіншек өкінішке орай көз жұмған. Біз міндетті түрде сот медициналық сараптама тағайындаймыз.
Егер өзге де мән-жайлар анықталатын болса және қылмыстың басқа құрамы дәлелденетін болса онда қылмыстық істің бабы басқаша саралануы мүмкін", - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Марқұмның төркіні Қытайда, өзі осында он жыл бұрын келіп азаматтық алған. Ал Сайрангүлдің ата-енесі немерелерін келіндерінің мәйітімен бірге сот зертханалық сараптамадан соң Үш төбе ауылына алып кетпек.

Еске сала кетейік, Алматыда үш баласы бар 33 жастағы Сайрангүл есімді әйел ауыр соққыдан ес жимастан көз жұмғаны хабарланған. Келіншектің туыстары марқұмның өліміне күйеуін кінәлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1767862-almatyda-zmbak-zagdajda-kz-zmgan-s-balany-anasyna-katysty-derekter-sykty.html