RU

Қазақстанда жер кезегіне тұрған әйгілі Моцарт жұртты таңғалдырды

Қазақстанда заң бойынша тиесілі он жүздік жерді алу үшін әйгілі Моцарт пен голливудтық актер Курт Рассел де кезекке тұрыпты. Цифрлы Қазақстан порталында тіркелгендердің қатарында Исатай мен Махамбет бар. Тірілер кезекке тұра алмаған тізімге өлі адамдар қалай тіркелгенін 31 арна анықтап көрді.

Фото: eyeni.kz, kvmeter.kz
Фото: eyeni.kz, kvmeter.kz: Facebook

70 млн доллар табыс табатын голливудтық актер Курт Рассел Аққөл ауданы, Азат ауылындағы 10 жүздік жер сұраған халықтың кезегіне тұрыпты.

Ал бұл тізімде 1791 жылы дүниеден озған композитор Моцарт пен өткен ғасырдағы орыс револиционері Шмидд та бар екен.

Бұл ақпаратты жер мәселесі жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек zem.kz порталынан байқап, жеке парақшасына жариялаған. Заңгердің айтуынша, Жер туралы кодекстің 44-бабы бойынша тегін берілетін 10 жүздік жерді әкімдіктегілер анық жариялап тұруы тиіс. Алайда, шенеуніктер әлі ондай жүйеге көшпеген екен.

"Халықтың құқықтық сауатылығының төмендігін пайдаланады, оны ешкім тексермейтінін пайдаланады, тізімді аралап, прокуратура, жемқорлыққа қарсы агенттіктен тексеріс болмайтынын пайдаланады, содан кейін не істейді, сол тізімге өлген адамдарды, көшіп кеткен адамдарды, болмайтын адамдарды кіргізіп отырады", - дейді заңгер.

Ал әкімдіктегілер бұл есімдердің сынақ уақытында тексеру үшін қосылғанынын, ол кезде жүйе іске қосылмағанын айтқан.

"Бізде Азат ауылы бойынша кезекте ешкім тұрған жоқ. Бұл іске қосылған бағдарлама тек қазан айынан бастап жұмыс істей бастады. Оған дейін тесттік режимде әлі қосылмаған еді. Сол кездері сынақ ретінде қолданылған есімдерді алып тастауды ұмыт қалдырған болу керек", - Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Юрий Курушин.

Мұндай олқылық Орал қаласында орын алыпты. Ондағы кезекке тұрғандар қатарынада Исатай мен Махамбет бар болып шыққан екен.

Ақпарат жарияланған соң әкімдектіліктер ол есімдерді порталдан алып тастаған екен.

Дереккөз: 31 арна.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1767899-kazakstanda-zer-kezegine-trgan-jgili-mocart-zrtty-tagaldyrdy.html