RU

ШҚО-да қызметкерге артық жұмыс істеткен басшылар қатаң жазаланды

Мерзімінен тыс жұмыс істеткен басшылар енді 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы altaynews сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

telegraf.com.ua
Фото: telegraf.com.ua: Twitter

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиевтің қандай жағдайда қызметкердің артық жұмыс істейтінін атап өтті.

"Мемлекеттік қызметкерлер тек кезек күттірмейтін өте шұғыл және алдын ала болжанбаған жағдайда ғана артық жұмыс істей алады. Бірақ жұмыс істеген уақыт үшін демалыс күні не демалыс сағаты берілуі керек. Не болмаса, еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленуі тиіс", - деді Қайрат Сапарғалиев.

Енді қызметкерлеріне артық жұмыс істеткен басшылар 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтін болады. Сонымен қатар олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

"Ақшадан қағылған соң ешбір басшы қызметкерін мерзімінен тыс жұмыста қалдырмайды. Бұл өте тиімді фактор", - деді Сапарғалиев.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, артық жұмыс істету фактілері өңірдегі бірнегше ауданда анықталған.

Олар: Өскемен әкімдігі мен оның жекелеген бөлімдерінде, Үржар, Тарбағатай, Көкпекті аудандары әкімдерінің аппараттарында, сонымен қатар облыстық ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, қаржы басқармаларында анықталған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1767937-sko-da-kyzmetkerge-artyk-zmys-istetken-bassylar-kata-zazalandy.html