RU

"Уақытым аз": Таразда қатерлі ісікке шалдыққан журналист жанайқайын жеткізді

Аса ауыр дертке шалдыққан 22 жастағы Әлфия Мингазованың қайтпас қайсарлығына тек қана таңғалуға болады. Тараздық журналист қыз жедел миелобласты лейкозға шалдыққанына қарамастан, жазылып шығатынына үлкен үміт артуда. Қатерлі ісіктен шетелде емделу үшін бойжеткен барша отандастарынан көмек сұрап отыр деп жазады NUR.KZ.

Фото: жеке мұрағаттан
Фото: жеке мұрағаттан: Original

Дәрігерлер қойған диагнозбен Әлфия осымен екі жыл өмір сүріп келеді. Журналист қыз бастапқыда аяғының қатты ауырғанына аса мән бермей, дәрігерлерге қаралмай жүре берген.

Артынан қатерлі ісікке шалдыққанын білген ару өз-өзіне біразға дейін келе алмай жүрген. Дегенмен, дертті өзін жеңіп шығуына жол бермеуге тырысып, бірден белсенді түрді емделуге кірісіп кеткен.

Фото: жеке мұрағаттан
Фото: жеке мұрағаттан: Original
"Университетті аяқтағалы жүрген кезім еді. Аяғым қоймай ауырған соң, дәрігерлерге жүгіндім. Бірден диагноз қойып берді. Жұмысқа барып, жағдайымды бәріне айттым. Ертесіне жұмысқа шықпаймын, күтпеңдер дедім. Бірақ, әріптестеріме жарты жылдан соң міндетті түрде редакцияға оралам деп уәде бердім" , - дейді бойжеткен.

22 жастағы ару басына түскен жағдайдан соң, бірден Астанадағы қатерлі ісік орталығына жатып, химиотерапия курсын бастаған.

"Ешқашан ауырып көрмеген мен үшін ауруханадағы бастапқы күндер аса ауыр болды. Шашымды қиып, он келідей салмақ тастадым. Ауыр жағдайыма қарамастан, еңсемді түсірмеуге барынша тырыстым. Тек бір рет қана жылағаным есімде. Қалған кездері бос уақытымда сурет салып, кітап оқыдым. Басты жауым - дертім жайлы көп оқи бастадым" , - деп ағынан жарылды ару.
Фото: жеке мұрағаттан
Фото: жеке мұрағаттан: Original

Анықталғандай, мамандар Әлфияны Қазақстанда емдеп шығуға боларына сендірген.

"Менің қатерлі ісікке тап болғаныма ешкім сенгісі келмеді. Сене алмады да. Әріптестерімнің арасындағы ең шапшаң қыздың сырқаттанып қалғанына көпшілік аң-таң болды.
Дегенмен, мен өз ұжымыма берген сөзімде тұрдым. Тура жарты жылдан соң, жұмысқа қайта оралдым. Бірнеше мәрте химиотерапиядан өтіп, ота жасалды. Туған әпкем маған донор болды" , - дейді Әлфия.

Бойжеткеннің айтуынша, ауыр дерт оның сағын сындырмай, керісінше жігерлендіре түскен. Емделіп келе жатқанына сенімді болған ару болашаққа жаңа мақсаттар қоя бастады. Бірақ, 26 қараша күні Әлфия дәрігерлерден жағымсыз хабар алған.

"Менде рецидив болды. Дәрігерлер енді менің емдеп шығу шетелдік мамандардың қолынан ғана келетінін жеткізді. Ол дегеніміз қыруар қаржы. Дәрігерге тек жүгінудің өзі алты мың доллар. Ал ем алу 100 мың АҚШ долларын қажет етеді.
Германия мен Израильде рецидивке қарсы дәрі-дәрмектер бар. Алайда, олар біздің елде тіркелмеген. Оған қоса, Қазақстанда ем үшін қажетті GAR-t терапиясы да жасалынбайды" , - деп жанайқайын жеткізді Әлфия.
Фото: жеке мұрағаттан
Фото: жеке мұрағаттан: Original

22 жастағы журналист барша отандастарынан көмек сұрауда. Оған көмек қолын созам деушілер мына есепшоттарға қаржы аудара алады.

HALYK BANK: 4390 8782 8375 7986

Шоттың нөмірі: KZ226010002008910379

Mingazova Alfiya

Киви әмиян: 87762688882 (Ресей үшін де ашық).

KASPI gold: 5169 4931 7397 3374

ЖСН: 960810400841

Оған қоса, Әлфияға қолдау ретінде Тараз қаласында бірқатар шара ұйымдастырылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1767978-uakytym-az-tarazda-katerli-isikke-saldykkan-zurnalist-zanajkajyn-zetkizdi.html