RU

Ақтөбеде есірткі мен ішімдікке салынғандар байдың балалары болып шықты

Араққа салынып, есірткіден есін жинай алмай жүргендерді сотпен мәжбүрлеп емдейтін орталықта кімдер жатыр? Он жыл бойы ішімдік ішіп, ине салдырғандар жылдап жасалған емнен кейін айыға ма? Соқталдай жігіттердің ащы судың соңында кетуінің себебі не? NUR.KZ тілшісі Ақтөбедегі емдеу орталығының жұмысымен арнайы танысты.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Ақтөбеде ішімдікке, есірткіге салынғандарды мәжбүрлеп емдейтін арнайы профилактикалық орталықта жүзден аса адам жатыр.

Олардың ені тепсе темір үзетін жастар. Араққа салынып, дәрінің күшімен емделіп жатқан әйел адамдар да жоқ емес екен.

Мекеменің бас дәрігері Марат Айтуғанов орталықтың жағдайын баяндап берді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original
"Мұндай дертте дәрігерлер 10-15 пайызға ғана емнің қонуына әсер ете алады. Қалғаны қоғамға, ең бастысы адамның өзіне байланысты. Біздің жұмысымыз көріне бермейді.

Ем жасаған адамдардың жазылғанына қуанамыз. Өкінішке орай, жылдап ем жүргізгеннен кейін қайтып келетіндер де жоқ емес.

Бізде жатқандардың ешқайсысы жұмыс жасамайды. Бүгінде 106 адам ем алып жатыр. Оның 38-і сотталғандар, 15-і наркоман, 9-ы ішімдікке салынған әйел адамдар.

Емделушілердің 70 пайызы бойдақ. Олардың дені ажырасып кеткендер немесе мүлде үйленбеген», - дейді Марат Айтуғанов.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Араққа салынғандардың көбі 30 бен 40 жастағы бойдақ жігіттер.

Орталықтың теледидарына үңіліп, соқталдай азаматтар самсап отыр. Орта жастан асқан ер азаматтар отбасы құру туралы ойламайды да.

"Іште спорт залымыз бар. Көңілдері аулансын деп ағаш шеберханасын аштық. Мұнда жатқандарға көп көңіл бөлу керек. Есірткіге, ішімдікке салынудың ауру екені дәлелденген. Сол себепті ондай адамдарға науқас секілді қарауға тиіспіз.

Олардың дұрысталып кетуіне туыстарының әсері көп. Олар кішкене ренжісе ішіп кетеді. Кез келген қиындығын ішімдікпен жеңілдетеді.

Сол себепті бұл адамдарға күнделікті қолдау білдіріп, онымен бірге күресу керек.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original
Бізде психологтардың жұмысы басым. Себебі олар бір күннің ішінде ішімдікке салынған жоқ. Айлап, жылдап жиналған ауру.

Олар соңғы рет қашан жұмыс жасағандарын да білмейтін адамдар. Жұмысы жоқ болып, отбасын асырай алмай ішіп кеткендер бар.

Мен әкімшілікке жұмысқа орналастыруға қатысты ұсыныс көтердім. Осы бастамам қолдау тапса деймін.

Себебі бұл жерден шыққаннан кейін апталап, айлап жұмыс жасамағаннан кейін қайта ішіп кетеді. Сол кезде жылдап жүргізген еміміз далаға кетеді",- дейді орталық басшысы.
Ақтөбеде есірткі мен ішімдікке салынғандар байдың балалары болып шықты
Фото: NUR.KZ: Original

Қуантарлығы - жылдан жылға ішімдікке салынып кеткен адамдар азайып жатыр екен. Қазір медициналық білімі бар психологтар жоқ болғандықтан орталықта екі педагог –психолог және психо-терапевт мамандар жұмыс жасап жатыр.

"«Әлі ештеңе жоғалған жоқ, қайта тұруға болады» деп психологтар қолдау білдіріп отырады. Науқастың емделуінде солардың үлесі көп. Ең алдымен отбасы қолдау таныту керек. Отбасы болмаса ер адам ішіп кетеді. Ер адам әлсіз, әйелдің қырық жаны бар",- дейді Марат Айтуғанов. 

Емделушілер орталықта сот шешімімен алты айдан үш жылға дейін жатады екен. Олар міндетті түрде есепке алынады. Сонымен бірге, мекемеде өкпе ауруынан мәжбүрлеп емделушілер де бар. 

"Есірткіге салынғандардың дені қалталы кәсіпкерлердің балалары. Ақша табамын деп жүріп, балаға көңіл аударуды ұмытып кетеді. Өзінің шаштараз салоны бар, әкесі бизнесмен бала бірнеше рет түсті. Қазір діни кітап ұстап жүр. Бізге алғыс айтып кетті",- дейді бас дәрігер Марат Айтуғанов.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Орталық басшысы мекеме ішінен өндіріс орнын ашып, емделушілерді еңбекке бейімдеуді армандайды. Ол үшін жергілікті әкімдікке өтініш те жазған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768064-aktbede-esirtki-men-isimdikke-salyngandar-bajdy-balalary-bolyp-sykty.html