RU

Жігер Ауыпбаевқа жомарт азаматтар қымбат темір тұлпар мінгізіп жіберген

Жігер Ауыпбаев Орталық Қазақстанға әнсапармен барып, белгілі азаматтардан темір тұлпар мініп қайтқан. Әнші еліміздің түпкір-түпкірінен өзін құрметтеп, ат мінгізіп, шапан жабатын тыңдармандары жайлы айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Жігер Ауыпбаев. Фото: Әншінің жеке парақшасынан. Коллаж: NUR.KZ
Жігер Ауыпбаев. Фото: Әншінің жеке парақшасынан. Коллаж: NUR.KZ: Instagram

Гастрольдік сапармен еліміздің орталық өңіріне барған әншіге ел ағалары темір тұлпар ұсынып, "көлікті мінсең де, ақшасын алсаң да болады" деп айтыпты.

"Орталық Қазақстанның жігіттері азаматтық танытып, темір тұлпар мінгізді. Бағасы мен маркасын айтпай-ақ қояйын. Маған "көлікті мініп кетсең де болады, ақшалай алсаң да ерік өзіңде" деп айтты. Мен ақшалай алуды жөн санадым", - деген әнші өзіне арғымақ мінгізген азаматтардың да барын жасырмады.

"Одан кейін Бұрма деген ауылға барған кезде бір ағамыз сахнаға шығып, ат мінгізді. Алайда жүйрік жылқысы әлі өз үйірінде жүр. Өйткені: "Маған соғым қылып алсаң да, тірілей алсаң да дайын тұр" деп айтты.

Мен әлі алмадым. Негізі мен көп сыйлықтарды ала беруге ұяламын. Мүмкін, ол кісі шын жүректен соңғы сәйгүлігін берген шығар, кім біліпті?! Біреуге кесірім тимесе екен деймін. Сондықтан үндемей жүре берем.

Бірақ жақында өнердегі ағаларымыз ондай ізгі ниетпен берген сыйлықты алу керектігін айтып жатыр. Енді алатын боламын. Алайда ол жылқыны қалай алатынымды әзірге білмеймін. Бастысы, сондай кең пейіл ниеттеріне алғысым шексіз", - деп ағынан жарылды әнші.

Айта кетейік, осыған дейін Жігер Ауыпбаев 90-нан асқан әжесінің қазасын еске алып, камера алдында жылап қалған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Жігер Ауыпбаевтың әндерін біздің MusicNur қосымшасынан тыңдай аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768178-ziger-auypbaevka-zomart-azamattar-kymbat-temir-tlpar-mingizip-zibergen.html