RU

Ақтөбеде он жылдап араққа салынғандар қалай намазға жығылды?

Ақтөбедегі ішімдікке салынғандарды сот үкімімен мәжбүрлеп емдеу орталығына келгендердің арасында он жыл серік болған арағын тастап кетіп, намазға жығылғандар бар деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде он жылдап араққа салынғандар қалай намазға жығылды?
Фотоколлаж: NUR.KZ: Twitter
"Хромтау ауданынан ішімдікке салынған бір адам емделді. Кейін әйелі ажырасуға арыз беріп, қамқоршылық кеңеспен баласын алып кеткелі жатқанын айтты. Бұл жағдай ол кісіге үлкен соққа болса керек.

Сұранып баласына барды, сабағына дайындады. Тәртібіне қарай ерте шықты. Сеніңіз, үш-төрт айдан кейін ол кісі галстукпен келді. Адам танымастай өзгерген.

Осындай кезде риза боласың. Жүз адамның жиырмасы дұрыс жолға түсіп кетсе, біз үшін қуаныш. Қатты ішімдікке салынған адамды психологиялық соққы не діни сенім ғана тоқтата алады", - дейді мамандандырылған емдеу-профилактикалық орталығының бас дәрігері Марат Айтуғанов.
Ақтөбеде он жылдап араққа салынғандар қалай намазға жығылды?
Фото: NUR.KZ: Instagram

Ішімдікке салынғандардың үстінен арызды туысы жазады екен. Олар ағасының, інісінің, жолдасының, баласының ішімдікке салынып кеткенін айтып, мәжбүрлеп емдеуді сұрайды.

"Қуанарлығы - жылдан жылға ішімдікке салынып кеткен адамдар азайып жатыр. Бұрын 130 керуетке адамдар сыймай жататын еді. Қазір азайып, 100-ге түсті.

Әртүрлі адамдар келеді. Дәрігер, полиция болған адамдар жатты. Ішімдікке салынған журналист емделді. Кәсіпкерлер де жатады жалғызбасты.

Отбасы болмаған соң тапқан ақшасына ішіп, өзін тоқтата алмай жүргендер көп. Он жылдап арақ ішкен адамдар бар. Ем жүргізу кезінде арағын тастап, намаз оқып кеткен адамдар да жоқ емес", - дейді дәрігер.

Орталықта күйзелістен ішімдікке салынғандарға жан тыныштығын беру үшін қол өнер шеберханасы бар.

Ақтөбеде он жылдап араққа салынғандар қалай намазға жығылды?
Фото: NUR.KZ: Facebook

Ол жерден ішімдікке салынғандардың қолынан шыққан ерекше картиналарды көреміз. Әр суреттің түсі де, тақырыбы да талғаммен таңдалған.

"Күйзеліске түскендер моншақ тастардан картиналар жасайды. Бұл жұмыстар оларға жан тыныштығын беруге көмектеседі. Шұқыма жұмыс болса да төзіммен әдемі картина жасап шығатындар бар", - деді орталық басшысы емделушілердің жұмысымен таныстырып.
Ақтөбеде он жылдап араққа салынғандар қалай намазға жығылды?
Фото: NUR.KZ: Instagram

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768197-aktbede-on-zyldap-arakka-salyngandar-kalaj-namazga-zygyldy.html