RU

Ақтаудағы жарылыс: ІІМ гранаттар немесе зеңбіректер болмағанын айтты

Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 11 желтоқсан күні кешкі уақытта орын алған Ақтаудағы металл қабылдау пунктінде болған жарылыс туралы пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ.

Қалмұханбет Қасымов. Фото: NUR.KZ
Қалмұханбет Қасымов. Фото: NUR.KZ: UGC

Парламент отырысына қатысқан Қасымов журналистерге сұқбат беру барысында жарылыстың сағат 17:25 шамасында болғанын айтты.

"Бізге белгілісі "ГАЗельге" ешқайда тіркелмеген төрт металл жинаушылар отырып, жазыққа барып алты қаптай металл жинаған. Сосын бірден бірінші металл қабылдау пунктіне бет алыпты. Ол орын да тіркелмеген, жай ғана жалға алып қызмет еткен", - деді министр.

ІІМ басшысының мәліметінше, жарылыс металл өткізіп жатқан уақытта орын алған. Оқиға салдарынан бір металл қабылдаушы мен бір металл жинаушы қаза тауыпты.

"Үшеуі жарақат алды. Біреуіне жедел көмек көрсетілді. Екеуін ауруханаға жатқызды", - деді Ішкі істер министрі.

"Қазір әскери тергеумен бірге тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Жарылыстың екі себебі бар: біріншісі – металл жинаушылар жазықтан жарылуға бейім зат алып келді, екіншісі – металл қабылдап жатқан уақытта металл кесу үшін газбен арнайы құрал қолданылған.

Сондықтан сарапшылар жұмыс істеуде. Кеше оқиға орнын қоршап тексердік", - деді Қасымов.

Министр жарылыстың гранаттар мен зеңбіректен болуы мүмкін деген сыбыстар шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

"Біз гранаттың, зеңбіректің болғанын растамаймыз, оқиға орнында шұңқыр жоқ екенін айта кеткіміз келеді. Қазір барлығын тексеретін боламыз", - деп сөзін қорытындылады Қасымов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768201-aktaudagy-zarylys-iim-granattar-nemese-zebirekter-bolmaganyn-ajtty.html