RU

Алматыдағы мұз айдынына келген жұрт аяқ киімін қоятын жер таппай жүр (фото)

Алматыдағы ашық аспан астында ашылған мұз айдындарында аяқ киім ауыстыратын бөлме мен киім сақтайтын орын жоқ. Соның салдарынан сырғанауға келген жұрт заттарын қар мен мұздың үстіне қоюға мәжбүр болып жүр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Фото: baq.kz
Фото: baq.kz: Instagram

Бүгінде Алматыда 900 және 1600 шаршы метрді құрайтын төрт сырғанақ алаңы ашылған. 24 сағат жұмыс істейтін айдынға өз конькилерімен келгендер тегін кірсе, басқалары 700 теңгеге жалға алады екен. Алдағы уақытта мүндай сырғанау алаңы Тұңғыш Президент алаңынан да ашылады деп жоспарлануда.

Қас қарая айдынға келушілердің саны көбейгенімен, барлығы киімдерін далаға шешіп, киюге мәжбүр. Олардың заттары тіпті, маңайда тұрған шыршаның айналасында төгіліп жататын көрінеді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Facebook

Немересін сырғанауға алып келген Ольга Николайқызы да осы мәселеге кезіккен. Зейнеткердің сөзінше, баланың киімін жылытып тұрмаса, оның мұз болып қатуы, артынша оны киген бүлдіршіннің ауырып қалуы мүмкін.

"Етік жылы болу үшін осылай ұстап тұрмын. Үйге қайтарда суық киімді қалай киеді немерем? Тапсыруға болмайды, ондай мүмкіндік қарастырылмаған деді", - дейді ол.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Facebook

Алаңға келетін басқа келушілер де киімдерін сыртқа тастап кететіндерін жеткізген. Олар тіпті, ақылы болса да, киім-сөмкелерді қоятын бөлмелердің ашылса екен дейді. Әйтпесе, заттарын тысқа қалдырып кеткен соң дұрыс демалу да мүмкін емес көрінеді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Facebook

Айдынға келушілерді тағы бір қынжылтатыны мұздардың жарылып кеткені десе болады. Олардың сөзінше, сырғанаған кезде адамның аяғы жарылған мұзға тіреліп, жарақат қаупі жиілеуі мүмкін.

Алайда алаң әкімшілігі жарақат алған адамдар мен жоғалған заттар үшін жауап бермейтінін жазып қойыпты. Ашық аспан астында сырғанақ алаңдарын ашып, ақша тауып жатқан кәсіпкерлер кемшілікті жақында жоятындарын айтады.

"Қазіргі сәтте біз физикалық жағынан үлгермей жатырмыз. Жақын күндері аяқ киім және өзгеде жеке заттарды сақтайтын шағын жәшіктер орнатамыз. Жұмысты осы аптаның соңына дейін бітіреміз деп ойлаймын. Тек жақын маңда тұратын тұрғындардан шағым түскені болмсада жалпы жұрт риза", - деді жоба жетекшісі Мұхамеджан Өсер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768225-almatydagy-mz-ajdynyna-kelgen-zrt-aak-kiimin-koatyn-zer-tappaj-zr-foto.html