RU

Алматыда жедел жәрдем жүргізушісін бетінен атып кетті

Алматыда жедел жәрдем бригадасымен тағы бір оқиға орын алды. Өтінішінің орындалмағанына ашуланған ер адам жедел жәрдем жүргізушісін бетінен газды тапаншамен атқан деп хабарлайды NUR.KZ.

Көрнекі фото: pavlodarnews.kz
Көрнекі фото: pavlodarnews.kz: Facebook

Оқиға 11 желтоқсан күні шамамен кешкі 20:00-де Жетісу ауданында болған. Белгілі болғандай, ақ халаттылар ауырып тұрған тұрғынның шақыртумен үйіне келген. Дәрігерлер пәтерде емделушіні қарап жатқанда, сыртта оларды арнайы транспорттың жүргізушісі күтіп тұрыпты. Осы уақытта белгісіз ер азамат келіп көлікті тұрақтан алып тастауды айтқан.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қоңырау шалып шақыртқан тұрғынды ауруханаға алып кету керек болған.

Осы себеппен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі ер азаматтың өтінішін орындай алмаған. Себебі, кез келген уақытта дәрігерлер емделушіні алып шығуы мүмкін екен.

Ақпаратқа сүйенсек, жедел жәрдем бригадасының көлігі басқа көліктерге кедергі болмаған.

Өтінішінің орындалмай қойғанына ашуланған ер адам үйінен газды тапанша алып шығып жүргізушінің бетінен атқан.

Жәбірленушіге алғашқы көмекті сол уақытта емделушіні алып шыққан фельдшер берген.

Ал жүргізушіні мен пациентті ауруханаға жеткізу үшін тағы екі бригаданы шақыртуға тура келіпті.

Беті мен мойны күйіп қалған жүргізуші ауруханаға жатқызылған. Ол дәрігерлердің бақылауында, жағдайы орташа деңгейде.

Мекеменің ақпараты бойынша полиция департаментіне арыз жазылған. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы жедел жәрдем бригадасының жылдамдығына адамның өмірі тәуелді екендігін айтады.

Сондықтан тағы да алматықтардан жедел жәрдем қызметкерлеріне құрметпен қарауды сұрайды.

Осы жылы жедел жәрдем қызметкерлеріне бес рет шабуыл жасалыпты.

Еске сала кетсек, қыркүйек айында Алматыда Түркия азаматы жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768269-almatyda-zedel-zrdem-zrgizusisin-betinen-atyp-ketti.html