RU

Қарағандыда тұрғындар мешіт үстіндегі ғажайып құбылыстың куәсі болды (фото, видео)

Қарағанды облысының тұрғындары 12 желтоқсан күні ерекше "гало" деп аталатын оптикалық құбылысты тамашалады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Куәгерлер
Фото: куәгерлер түсірген: Original

Көктегі бұл ғажайып көріністі куәгерлер телефондарына түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Кейбір желі қолданушылары галоны халық ырымдарымен байланыстырып, осындай құбылыстан кейін қатты аяз болатынын хабарлаған.

Қарағанды облысының Қазгидромет бөлімінде гало құбылысын түсіндіруге тырысты.

"Білуімше, гало - күн немесе айдан шағылысатын жарық. Қазір далада күн суық, таңертең ауа ылғалдылығы 88 пайызға жетті. Мұз кристалдары түзіліп, күн сәулесімен шағылысып, соның салдарынан гало құбылысы пайда болуы мүмкін"
"Мұндай құбылыс күннен де, айдан да болады. Көбінесе мұндай жағдай антициклон кезінде, күн ашық болғанда байқалады. Қазір антициклон болып тұр", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Кезекші синоптиктердің мәліметінше, жуырда ауа температурасы күрт төмендемейді.

13-ші желтоқсан күні Қарағанды облысының аумағында жауын-шашын күтілмейді. Оңтүстік-шығыстан жел соғады. Түнде ауа температурасы -12-17, ал облыстың солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерінде -22-27 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Облыстың оңтүстігінде ауа температурасы -6 градусқа жетеді. Күндіз -5-10 градус аяз болып, солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарда кей жерлерде ауа температурасы -13-18 градусқа төмендейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768287-karagandyda-trgyndar-mesit-stindegi-gazajyp-kbylysty-kusi-boldy-foto-video.html