RU

Бес уақыт намазын қаза қылмаған ақтөбелік ер адам қалай ішкілікке салынды?

Ақтөбеде ораза ұстап, бес уақыт намазын қаза қылып көрмеген 42 жастағы азамат қалай ішкілікке салынғанын айтып, өзінің қиын өмірін баяндады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде намазхан жігіт араққа салынып кеткен
Ақтөбеде намазхан жігіт араққа салынып кеткен: Depositphotos

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында тұратын ер адам үш жылдан аса уақыт мешіт жамағаты болған. Бүгінде екі баалынң әкесі шайтанның азғыруына еріп кеткенін мойындайды.

"Алланың бар екені хақ. Мен оны мойындаймын. Өзім бірнеше жыл мешітке барып намаз оқып жүрдім. Ораза ұстап, намаз оқып жүріп, шайтанның азғыруына еріп кеттік. Тағдырдың қиындығын көтере алмай ішімдікке салындым.
Өздігімнен есімді жинай алар емеспін. Иманым әлсіз, оқыған намаздарымды ұмытып қалдым. Қазір намаз оқып жүрген жоқпын. Қолымдағы мұсылман қорғанынан күш іздеймін", - дейді ер адам қолына ұстаған мұсылман қорғанын жүрек тұсына басып.

Кезінде намазхан болған азамат бөтелкелестермен жұмыссыз жүрген кезінде табысқан.

"Отбасым анаммен бірге тұрады. Сол кісінің зейнетақысына қарап отырмыз. Жұмыс істемеген соң отбасымда қаржылық қиындықтар болды. Үйде күнде ұрыс-керіс көбейді. Оқып жүрген намазымның күнделікті қаза болып жатқанын аңғармай қалдым.
Көшеде ішіп жүргендердің қасына үйдегі ұрыстан қашып барып жүрдім. Қалай оларға еріп кеткенімді білмеймін. Ішімдікті ерікті түрде өзім қоя алмадым", - дейді ол.

Қырық жастан асқан азамат қазір Ақтөбедегі ішімдікке салынғандарды мәжбүрлеп емдейтін орталықта жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768371-bes-uakyt-namazyn-kaza-kylmagan-aktbelik-er-adam-kalaj-iskilikke-salyndy.html