RU

"Өлтіремін": Ақтөбеде мемқызметкер басшысынан қорлық көргенін айтты

Ақтөбеде мемлекеттік қызметкер өзін басшысы ұрғанын айтып, шағым түсірді. Ақтөбе аумақтық инспекциясының орынбасарынан қорлық көрдім деген Гүлмира Жидебаеваға қазір медициналық көмек керек деп хабарлайды КТК арнасы.

Гүлмира Жидебаева. Фото: Видеодан кадр/ КТК
Гүлмира Жидебаева. Фото: Видеодан кадр/ КТК: Facebook

Телеарнаның хабарлауынша, Гүлмира Жидебаева 10 жыл бойы Ақтөбе аумақтық инспекциясында қызмет атқарған. Алайда басшымен болған кикілжіңнен соң ол жұмысқа баруға қорқады. Одан бөлек, келіншек өзінің түрлі жарақаттар алып, ауырып қалғанын да айтып отыр.

Әйелдің сөзінше, ұрыстың барлығы жылу қосудан бас тартқан санитарлық техникке шағым түсіргеннен басталған.

"Міне осы кабинетте мені басшы орынбасары ұрды. Ол менің артымнан кіріп, итеріп жіберді. Сосын мені қабырғаға соғып, тақап тұрып, "Аузыңды жап, өлтіремін", - деп айтты. Артынша мен дәлізге шығып, жылап алдым", - деді ұйым бөлімдердің бірін басқаратын Гүлмира Жидебаева.

Мемлекеттік қызметкердің сөзінше, болған жағдайдан соң ол есінен танып қалған. Осы мезетте қызметтестері жедел жәрдем шақырыпты.

Артынша Жидебаева сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке арыз жазған. Қазіргі уақытта шенеунік өз жұмыс орнында отыр екен.

Ерлан Орынбаев. Фото: Видеодан кадр/ КТК
Ерлан Орынбаев. Фото: Видеодан кадр/ КТК: Facebook
"Әйелдердің сөз көп. Ол қазір неше түрлі нәрсе айтуы мүмкін. Айтып тұрмын ғой, мен оған қол көтерген жоқпын", - дейді Ақтөбе аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ерлан Орынбаев.

Қазіргі уақытта бұл жағдай сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте толық бақылауға алынған.

Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Руслан Мәжитов қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқанын, келіншектің әріптестестері де сұрақтарға жауап бергенін айтты. Оның сөзінше, қызметтестерінің кейбіреуі басшының дөрекі сөйлейтінін жеткізіпті.

Бұған қоса, Ерлан Орынбаев нарық сатушыларына қамқорлық жасағаны үшін пара алу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп күдіктеліп отыр.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768383-ltiremin-aktbede-memkyzmetker-bassysynan-korlyk-krgenin-ajtty.html