Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қолымда биліктің асатаяғы болса": әншілер саясатқа қатысты пікірлерін білдірді

Опубликовано:

Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында NUR.KZ тілшісі тәуелсіздің елдің тәуелсіз ұландарының тәуелсіз пікірлерін сұрап білді. Егер жұлдыздарымыздың қолында саясаттың асатаяғы болса, кім қандай өзгеріс әкелер еді?

Әлеуметтік желідегі суреттер

Осындай сауал қойғанда танымал әнші Тамара Асар саясатқа еш араласпайтынын жеткізді.

«Мен өнер адамы ретінде шығармашылыққа оның кедергісі бар деп есептеймін. Кез келген уақытта мен жаңалықты кеш естеймін. Себебі, мен киім тігемін, сурет саламын, ән жазамын. Өз қиялымда болғанымды қалаймын. Шығармашылық адамның ішінде кішкентай бала болу керек. Сол баланы өмірінің соңына дейін тірі ұстай алса, ол нағыз шығармашылық адамы болады. Ал, саясат күнделікті өмірде адамның мінез-құлығы мен ішкі дүниесінен қаттылықты талап етеді. Саясатпен айналысатын адам ішкі сезімдерге көңіл бөлмей, қаттылық пен талаптылықтың тізгінін мұқият ұстай білу керек. Ал, мұндай мінез маған жат. Сондықтан, саясаттан алыспын», - деді Тамара Асар.

Саясаттан алыс Тамара тіпті, болашағын бұл салада көрмейді. Қанша ұсыныс, шақырту түссе де жылы кабинетке жайғасып, жыртықты жамауға аса құлшыныс танытпаған.

«Шығармашылықтың адамы ол нағыз асау ат сияқты, өзін-өзі тізгіндей алмайды. Сондықтан біз эмоцияға берілгенде аузымыздан қате кетуі мүмкін. Ішіміз, көңіліміз, ниетіміз жаман болмаса да, біз сезімдердің кесірінен саясатқа сыймайтын әңгімені айтып қалуымыз мүмкін. Біздің әнге, сәнге арналған көңілімізді саясатқа салса керісінше үлкен нұқсан келуі мүмкін», - деп сөзін қорытындылады Тамара Асар.

Ал бұл сауалға тойдың хиті Әбдіжаппар Әлқожа асықпай ағынан жарылып жауап берді. Елбасының жолдауынан толықтай көрмесе де, құлақ түріп жүреді екен.

«Қазір әлеуметтік желі толығымен қамтылған ғой. Елбасының жолдауларын тікелей эфирден көруге уақыт аса бола бермейді. Бірақ, жаңалық іздесеңіз ғаламтордан толығымен тауып алуға болады. Ғаламтор арқылы көріп-біліп тұрамын. Бала кезімде саясатқа өте қатты жақын болғанмын, қызықтым. Әкем ұлтжанды адам. Бала кезімнен көптеген мемлекеттердің президенттерінің, өзіміздің барлық министрлердің атын жаттап өстім. Сол жағынан жақсы болдым», - деді Әбдіжаппар.

Ал, асатаяғы болса, ұйқысыз-күлкісіз мәдениет саласында біраз үлесін қосып, жаңа заңдар шығаруға ниетті екен.

«Қазақстан азаматы ретінде мемлекетке өзгеріс енгізетін болсам, алысқа бармай-ақ өнер саласында еңбек ететін шығармын. Әншілердің авторлық құқығын қорғау, салық төлеу, ротация жағынан қолдау секілді мәселелерді қозғап, ат салысатын шығармын», - деді әнші жігіт.

Ал, ханшайымдар мен ханзадаларға ән арнаған Ғаділбектің саясатқа айтар сөзі де, шырқар әні де жоқ. Оның бір ғана ниеті мен тілегі бар.

«Саясатқа қатысы бар адамдар да, қатысы жоқ адамдар да, жалпы саясатта да бәрі аман болсын, жақсы болсын деймін. Менің саясатым – өнеріммен халыққа бір жақсылық жасап, үлес қоссам болғаны. Және бәрі солай ойласа, еліміз гүлдене түседі деп ойлаймын. Сіз сұрап тұрған сахна мәдениетінің әлсіздігіне әр адам бұл өмірде болмаса да, ана өмірде жауап беретіні анық. Мен біреуді жамандап, сөгіп, саясатты даттап немесе мақтап ештеңе айтқым келмейді. Себебі, өлімнен кейінгі өмірде әр сөзіме жауап беремін. Сондықтан, шын ниетім бәрі аман, бәрі жақсы болсын», - деді Ғаділбек.

Есесіне, актер, әрі әнші Ochooou реті келсе Елбасының жолдамаларын мұқият қарауға тырысады екен. Әрине, соңғы жолдауы есінде қалмаса да, көп жолдаудың ішіндегі жастарға қатысты айтқан әр сөзіне риза болыпты.

«Саясатқа аса қатты қызықпаймын. Бірақ, әрине, жаңалықтарды көремін, тыңдаймын. Қазақ елінде не болып жатыр, қандай өзгерістер орын алуда деген сияқты мәселелерден хабардар болуға тырысамын. Соңғы жолдауында не айтқанын білмеймін. Көруге уақыт болмады. Алайда, Елбасының жастарды қолдағаны ұнайды. Әсіресе, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кетіп, елге оралмаған жастарға айтқан жолдауы ұнады. Шетелге барып оқып, ол елдің технологиясы мен дамуын көрген жастар елге оралған жоқ. Сол жастарға жасаған үндеуі ұнады. Алған білімдеріңізді нығайтып, елге қайта оралып, қазақ елін дамытып, көркеюіне үлес қосыңдар деді. Осы бағытта енді жұмыс жасалу керек деп ойлаймын», - деді Ochooou.

Бұл сауалға Гүлнұр Оразымбетова да еш мүлтіксіз жауап берді.

«Мен өнердің адамымын. Өнерім, әнім арқылы тәрбиелік өнеге көрсетіп, жастарға үлгі болсам да үлкен саясат деп ойлаймын. Ал, мемлекеттік мәселелер мен ауқымды саясатқа үйдегі отағасы үлес қосып жүр. Сол да жеткілікті. Саясат әйелдің нәзіктігі мен еркелігін жойып, қаталдық пен ермінезділікті қалыптастыратын сияқты. Мен билік өкілі болғым келмейді», - деді Гүлнұр Оразымбетова.

Естеріңізге сала кетейік, әншілердің әндерін біздің MusicNur қосымшасынан тыңдай аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1768877-kolymda-bilikti-asataagy-bolsa-nsiler-saasatka-katysty-pikirlerin-bildirdi/

pixel