RU

Жеті млн теңге: Зарина Омарова жұбайы сыйлаған қымбат тоны туралы ашық айтты

«Алматы» арнасының «Әңгіме болсын» бағдарламасында Зарина Омарова өзіне күйеуінің құны 7 миллион теңге тұратын тон сыйлағанын айтқан еді. Бұл сұхбаттан соң әншіні сынаушылар көбейіп кетті. Әңгіменің ақ-қарасын Зарина Омарова NUR.KZ тілшісіне ашып айтты.

«Мен ешқандай да бай-ауқатты, миллионерге тұрмысқа шықпадым. Біз үйленген кезде жолдасым небәрі жоғары оқу орнын бітірген еді. Ал, менде аз да болса танымалдылық болды. Алғашқы жылдары жолдасым көп қаржы таппады. Бірақ, мен атақтымын сондықтан жоқтыққа, ыстық пен суыққа шыдамаймын, аяғым мен қолымды жылы суға малып қой деп көкірек соқпадым. Жуырда бір сұқбатта жолдасымның маған сыйлаған қымбат тоны туралы айтып едім. Бәрі «бай біреуге тұрмысқа шығып алыпты» деп сөгіп жатыр. Жоқ, мен қарапайым азаматқа тұрмысқа шығып, бәріне бірге қол жеткіздік. Еңбектендік. Бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Біз шығыстың әйелдеріміз ғой, көп қиындыққа шыдай аламыз. Сондықтан, сабыр түбі – сары алтын. Сәл сабырлық таныту керек», - деді әнші.

Он жылдық үзілістен кейін жаңа шабытпен сахнаға оралған Заринаның басты демеушісі де, қолдаушысы да жолдасы екен. Махаббаттары мен әңгімелері таусылмаған бақытты жұптың арасында қызғаныш та бар екен. Және оның болуын отанасы заңдылыққа балайды екен.

«Мен өте қызғаншақпын. Ерлі-зайыптылардың арасында махаббат болғандықтан, қызғаныш та болу керек. Екеуміз де бір-бірімізді қызғанамыз. Мен ашық айтамын, ол жасырады. Үнемі телефонмен байланыста жүреміз. Жолдасым екеуміз бір-бірімізге «жабысып қалған» адамбыз. Қалай да бір-бірімізге қолдап, байланыста жүреміз. Бірақ, мен оның телефонын тексермеймін. Себебі, сенемін. Негізі күдікті нәрсе басталса, әйелдің түйсігі мықты болады ғой, бірден сезіп қояды. Құдай сақтасын, менің ішкі түйсігім ондай күдік бермеді»- деді Зарина.

Сондай-ақ, жуырда өнерге қадам басқан Марат Омаровтың екінші некесінен туған сіңлісі туралы да сыр ашты.

«Бұрыннан бері өте жақсы араласамыз. Соншалықты шулайтындай дүние жоқ. Бұл өмір. Тағдыр болғасын – кездесу бар, қоштасу бар. Бастысы, бәріміз бір қаннан, бір әкеден жаралғанбыз. Тек жақсылық тілеймін. Әрдайым өзімнің қолдауымды көрсетуге тырысамын», - деді Зарина Омарова.

Алайда әнші отбасылық топ құру екіталай екенін жасырмады.

«Отбасылық ансамбль шығады деп ойламаймын. Білмеймін, нақты сондай жоспар жоқ. Менің әкем: «бүкіл дауыс саған дарып кетіпті деп әзілдейді». Өзімді мақтағаным емес, әкемнің пікірін айтып отырмын. Кішкентай іні-сіңілдерім сахнаға шығып жатса, әрине, қуанамын», - деді әнші.

Естеріңізге сала кетейік, Зарина Омарованың әндерін біздің MusicNur қосымшасынан тыңдай аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768888-zeti-mln-tege-zarina-omarova-zbajy-syjlagan-kymbat-tony-turaly-asyk-ajtty.html