RU

"Асфальтқа жатқызып қойды": "Желтоқсан" қатысушысы көтеріліс күні не болғанын айтты

1986 жылғы көтеріліс қаһармандары мәңгілік ел есінде қалатыны сөзсіз. Сол жылы мыңдаған жастар Алматыдағы алаңға жиналып, өздерінің ел егемендігіне қатысты көзқарастарын ашық көрсеткендері де мәңгілік халық жадында. Алаңға барып, тәуелсіздік үшін күрескендердің бірі алматылық Ақылбек Әбішев болған. Бүгінде 50-ді еңсерген желтоқсан куәгері NUR.KZ тілшісіне қазақ жастарының ерлігін баяндап, желтоқсан көтерілісі жайлы ұмытылмас естеліктерімен бөлісті.

Фото: holycrackers.info
Фото: holycrackers.info: Facebook

Ақылбек Әбішевтің айтуынша, сол жылы ол Алматы қаласындағы жиһаз цехтарының бірінде жұмыс істеген екен.

"Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылының тұрғынымын. 1986 жылға көтеріліске қатысып, 3-4 күн түрмеде қамалып шыққандардың бірі менмін. Сол кезде жасымыз бар-жоғы 22-де болыпты. Қателеспесем, үшінші не төртінші күні бәрімізді милиция ұстап әкетті. Әрине, ұсталғандарды бастан сипамайтыны анық.

Бәрімізді таяқпен ұрып, суық жерге қамап тастады, тамақ та берген жоқ. Үш күндей нәр татпай жаттық. Тек бір фляг су қойғаны есімде, соны үш күн бойы іштік. Әжетханаға барғанның өзінде жан-жағымыздан милиция қоршап тұратын. Тез барып, шығамыз. Қамауда жататын жер де жоқ, бәріміз түрегеп тұрдық.

Ақылбек Әбішев. Фото: Жеке мұрағаттан
Ақылбек Әбішев. Фото: Жеке мұрағаттан: Instagram
Сол уақытта қамауда отырған талай қазақтың қыз-жігіттерін көрдік. Алаңнан таяқпен ұрып, сүйретіп әкеліп жатты. Бірінің қолы сынған, бірінің тағы бір жері", - деп сол күнді еске алды Ақылбек Әбішев.

Азаматтың айтуынша, көтеріліске қатысқан жастардың бірін оқудан, екіншісін жұмыстан шығарған екен.

"Шыны керек ондайдан аман қалдық, себебі, мен сол кезде милиция сұрау жасағанда, аты-жөнімді жасырған едім. Әлі есімде Оспанов Ермек деген "жалған" ат айтқан едім. Ауылдан келдім, малшының баласымын дегенмін. Күніне 3-4 реттен сұрау алып жатты. Бәрінде солай өтірік айтуға тура келді. Сосын суретке де қайта-қайта тартып жатты. Содан әйтеуір шығарды.

Қайтадан жұмысымызға келдік. Бірақ, жұмысқа кірісейік десек, береке болмады. Қайта-қайта тексеріп, қасымыздағы балаларды қолын қайырып әкетіп жатты. Жұмыста қазақ балалары топ болып жинала қалса, қасымызға келіп "Не істеп жатырсыңдар?", «Не болып жатыр?" деп сұрақтың астына алатын. Содан жұмыста береке қашқан соң, ауылыма қайттым. Ауылда біраз жыл тұрып, Алматыға қайтып келдім", - дейді Ақылбек Әбішев.

Желтоқсан көтерілісі куәгерінің сөзінше жұмыста бірге істеген кейбір жігіттер, тіпті, сотталып та кеткен екен.

"Қателеспесем бір-екеуі сотталып кетті. Алаңға бірге барған балалар болатын. Бәріміз қазақ үшін шықтық қой. Цехтан шықтық та, жатақханадағы қазақ балаларымен бірге алаңға барып тұрдық. Бір уақытта шу боп кетті. Сөйтсек, милиция келіп қоршап, лап қойған екен. Содан қаштық, қашқанда қайда барамыз? Жан-жағымыздың бәрін қоршап алған.

Бірақ қасымызда болғандардың арасында қашып құтылғандар да болды. Алайда біз ұсталып қалдық. Алаңда жатқызып тастады. Асфальттің үстіне жатқызып, ұрғаннан бір рет есім де ауып қалды. Есімді жинасам, ұсталғандардың бәрін автобустарға тығып жатыр екен.

Мені де тұрғызды, сөйтсем бір аяғым ақсаңдап қалыпты. Сол жерде жедел жәрдем де болды, соларға барып қаратты. Олар аяғымды қарап, "бәрі жақсы" деп, автобусқа кіргізді. Оның ішінде де автобус орындықтарына отыра алмадық. Соның астына, еденге ұл-қыздардың бәрін жатқызып тастады.

Бір автобусқа 20 шақты адамды сыйғызып, 7-8 милиционер таяқтарымен орындықтарға жайғаса кетті. Өзіміздің қазақ милицонерлері өзімізді сабады. Қыздардың шаштарынан сүйреп әкетіп жатқандарын да көрдік. Сол кезде жаспыз, не үшін осындай жағдайға душар болғанымызды да түсінбей қалдық. Жап-жас қыз-жігіттер саясаттан қайдан хабары болсын? Тек сол қазақ үшін, намысқа тырысып алаңға шықтық" - дейді оқиға куәгері.

Сөз соңында, Әбішев тәуелсіздік күнін бағалауға шақырды.

Жастарға айтарым, қазіргі тәуелсіздігімізді бағалап, оны мәңгілік сақтай білейік. Егемендігіміз мәңгі болсын", - деп тілегін жеткізді Ақылбек Әбішев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768905-asfaltka-zatkyzyp-kojdy-zeltoksan-katysusysy-kterilis-kni-ne-bolganyn-ajtty.html