RU

"Жігіттердің" продюсері Әбдіжаппардың авторлыққа қоғамға деген ренішін қолдады

Жуырда ғана Әбдіжаппар Әлқожа авторлық қоғамдардың істеріндегі шалалықтар туралы шындықты айтып, шыр-пыр болған еді. Өнердегі інісінің уайымы мен өкпесін "Жігіттердің" проюсері Ерғали Әбдірайымов та қолдап отыр. Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне берген экслюзивті сұхбатында айтты.

Фото: Instagram/ ergali_abdraimov, musicprime.kz
Фото: Instagram/ ergali_abdraimov, musicprime.kz: Getty Images

Әңгімені продюсер бірден өкпе-реніштен емес, кешірім сұраудан бастады. Оған себеп, Астанада өткен кешке қатысты халықтың айтып жүрген сыны мен наразылығы екен.

"Алматы қаласындағы есеп беру кешімізге біреу қызғанып, біреу қызығып қарап жатыр. Себебі, біз үлкен жарнама жасап, билеттерді ешкімге қинап өткізбедік. Халық біздің еңбегімізді бағалап келіп, кештің соңына дейін бірге ән салып, билеп, өнерімізді бағалады", - деп бір марқайып алған продюсер кейін өнерсүйер қауымнан кешірім сұрады.
Ал, Астана қаласында болған концерт Елбасының туған күні қарсаңында әкімшіліктің ұйымдастыруымен өтті. Көптеген халық түсінбей қалды. "Неге тез басталып, тез бітті. Үлкен шоулар болмады" деген сияқты сындар да айтылып, жазылып жатыр. Бұл біздің орталықтың есеп беру кеші емес. Соңғы он күнде шешіліп, дайындалған жоба. Оған біздің қатысымыз жоқ. Тек барып әндерімізді орындап қайттық. Ал, жеке есеп беру кешімізді Астана қаласында 8 наурыз қарсаңында өткізуге ниеттіміз. Сондықтан, біздің өнерімізді бағалаушы барлық жанкүйерлерімізден, аға-әпке, әке-аналарымыздан кешірім сұраймыз", -деді Әбдірайымов.

Осылай мән-жайды ашып берген соң продюсер өнердегі інісінің айқайына қатысты пікірін білдірді. Ол авторлық қоғамдарға деген ренішін білдірген Әбдіжаппарды қолдайтынын жеткізді.

"Авторлық қоғамдармен жұмыс істейміз. Бірақ, біз оларды бақылай алмаймыз. Себебі, елімізде қаншама мейрамханалар бар, тойлар болады. Олар әнді қойғанына байланысты ақша төлейді. Олар қанша төлейді, қалай төлейді, біз есептей алмаймыз. Квартал бойынша 23 000-30 000 теңгенің аралығында ақша түседі. Одан көп алған емеспіз.
"Ең ақылға сыймайтыны, жеке кеш өткізген кезде 4% тағы да авторлық орталықтарға бөліп береміз. Сонда біз әнді сатып алған кезде бір төлейміз, әр кеш сайын қайта төлеп отырамыз. Бұл дұрыс емес. Мысалы, кей әндердің авторларымен келісіп аламыз. Тегін сыйға берсе де, тойларында қызмет атқарамыз. Бұл да төленген болып саналады ғой", -деді ол.

Бірақ, Ерғали Әбдірайымов мұндай сауатсыздыққа өзгені емес, әр әнші өзін кінәлі санауы керек екенін де мойындады. Себебі, көп кезде әншілер заңды білмейді немесе өздерінің азаматтық құқықтарын аса қолдана бермейді екен.

"Негізі, өзіміздің құқығымызды аса қолданбаймыз. Қорғамаймыз. Әйтпесе, заңгерлер арқылы келісім-шартты жөндеуге болады ғой. Біз қазақшылыққа салынып жүре береміз. Ерінеміз. Негізі жалқаулыққа бой бермей өз құқығымызды қорғауымыз керек", -деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768952-zigitterdi-produseri-bdizappardy-avtorlykka-kogamga-degen-renisin-koldady.html