Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлымды келінімнен қызғанамын": Жеңіс Ысқақова өзінің қандай ене екенін айтты

Опубликовано:

Ене мен келіннің арасындағы келіспеушілік бүгінде қазақ қоғамында өршіп тұр. Алайда, өнер адамдары өздерін мінсіз көрсетуге тырысып, көп жыртықты жасырып әлек. Ал, ер мінезді Ысқақова кейде ұлын келінінен қызғанып қалатынын NUR.KZ тілшісіне жасырмай айтып берді.

Тұңғышын үйлендірген әнші өте мейірімді ене болуға тырысып жүргенін жеткізді.

"Үйге келсем тамағымды дайындап, мамалап жүгіріп жүреді. Сондай келінге риза болмай ақымақ емеспін ғой. Бірақ, кейде үлкен ретінде ақыл айтылу керек. Айтатын уақыты, реті, тәсілі болады. Әйтеуір, көңілдеріне кірбің түсіргім келмейді. Қандай ене екенімді білмеймін. Әлі ененің образына кіре алмай жүрмін.
Алматы мен Астананың ортасында ұшып жүргесін ене болып үйрене алар емеспін. Бірақ, кішкене жүрек тынышталды. Себебі, ұлымның жанында киімін тазалап, тамағын дайындап, үйін жылытып отыратын жарының бар екенін білемін. Қуанамын" , - деді Жеңіс Ысқақова.

Шоу-бизнес жұлдызы қоғамда болып жатқан ене мен келіннің арасындағы келіспеушілік, ұлын қызғанған ана дауын жиі естігенімен ,ондайға сенгісі келмейтінін айтты.

"Құдай сақтасын. Негізі ұлы мен келінінің ортасына жатып алатын аналар бар деп естіген едім. Бірақ, сенгім келмейді. Мүмкін, ұлын қызғанып, келініне қайта-қайта тиісіп сөйлей бергесін келіннің гүлдендіріп айтқан әңгімесі шығар. Енді, өмірде түрлі адамдар бар ғой. Мен баламды қызғанбаймын. Шүкір, бақытты болсын. Үбірлі – шүбірлі болсын деп тілеп отырамын.
Бірақ, кейде ұлым әйелін еркелетіп отырса қызғанып қаламын. Ол жаман қызғаныш емес, ақ қызғаныш қой. Қызғаныш емес, мүмкін қызығушылық деген дұрыс болар. Бастысы, балаларымыз аман болсын. Анаға содан асқан бақыт жоқ. Сосын қасымыздағы жігіттеріміз, шалдарымыз, күйеулеріміз аман болсын. Әйелдің бақыты ерінде ғой" , - деп ағынан жарылды әнші.

Естеріңізге сала кетейік, Жеңіс Ысқақованың әндерін біздің MusicNur қосымшасынан тыңдай аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1769025-lymdy-kelinimnen-kyzganamyn-zeis-yskakova-zini-kandaj-ene-ekenin-ajtty/

pixel