RU

Франциялық "Notre Dame de Paris" қойылымының қазақша нұсқасы тамашаланды

Астанадағы "Бейбітшілік және келісім" сарайында "Notre Dame de Paris" франция -канадалық мюзиклдің қазақ тіліндегі алғашқы көрсетілімі болды. Қойылым мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өткен. Бұл жайында елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

Фото: Астана әкімдігінің ресми парақшасы
Фото: Астана әкімдігінің ресми парақшасы: Instagram

Қойылым мәдениет және спорт министрлігі мен "Қазақконцерт" мемлекеттік гастрольдік - концерттік бірлестігінің ұйымдастыруымен ұсынылған.

"Notre Dame de Paris" мюзиклінің қазақша нұсқасы үшін 70-тен аса актерлер мен бишілер, акробаттар, солистер жұмыс істеген.

Айта кетейік, әйгілі мюзиклге итальяндық-франциялық композитор Риккардо Коччанте, қоюшы - режиссер Роберт Мариен, мюзикл продюсері Николай Талар, хореографтар Мартино Мюллер мен Надя Буттигноль, Әуе гимнастикасының чемпионы, Еуропа чемпионы Джонатан Гаждан қатысқан.

Фото: Астана әкімдігінің ресми парақшасы
Фото: Астана әкімдігінің ресми парақшасы: Instagram
"Менің әнім өте қиын. Оны үлкен диапазондағы әртістер орындауы тиіс болды. Әртістерді таңдауда ең бірінші оның барлық нотаны орындай алу шеберлігіне мән бердік. Екінші талабымыз - әртіс өз кейіпкерінің көңіл-күйін, сезімін анық жеткізе алуы керек еді. Ал үшінші талабымыз - әртістің кейіпкер келбетіне сай келуі. Мысалға алар болсақ: Феб пен Эсмеральда өте әдемі болуы керек. Алғашқыда үміткерлер өте көп болды. Алайда біз ең үздіктерін қалдырдық. Актерлерге әрі қарай ойнай алмайтынын айту да жеңіл болмады", - деді жұмыс барысындағы қиындықтарымен бөліскен композитор Риккардо Коччанте.

Сондай-ақ мюзиклдің қоюшы - режиссері Роберт Мариен де актерлер жайлы өз пікірін білдірді.

"Қойылымға таңдалған актерлер - нағыз өз саласының мамандары. Мұның барлығын қойылымды тамашалағанда түсінесіздер. Олар спектакльдің басынан-аяғына дейін өте жақсы дайындалды. Мен осы жолы кез-келген рөлді керемет алып шығатын актерлерді көрдім. Олар жас болса да, талантты адамдар", - дейді Роберт Мариен.
Фото: Астана әкімдігінің ресми парақшасы
Фото: Астана әкімдігінің ресми парақшасы: Instagram

Естеріңізге сала кетейік, "Notre Dame de Paris" - Гиннестің рекордтар кітабына енген ең танымал қойылым. Әйгілі спектакльді әлемде 11 млн адам тамашалап үлгерген. Сондай-ақ ол әлемнің тоғыз тілінде көрерменге ұсынылған. Аталмыш туынды осыдан 20 жыл бұрын алғаш рет қойылып, әлем халқының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген.

Ал "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында спектакль Қазақстанда оныншы тілге аударылды.

Енді көрермендер әйгілі "Danse mon Esmeralda", "Le temps des cathedrales", "Bella" туындыларын қазақ тілінде тыңдай алады.

Айта кетейік, "Notre Dame de Paris" қойылымының қазақ тіліндегі нұсқасын Астана тұрғындары мен қонақтары 18 - 24 желтоқсан аралығында "Бейбітшілік және келісім" сарайынан тамашалай алады.

Фото: Астана әкімдігінің ресми парақшасы
Фото: Астана әкімдігінің ресми парақшасы: Instagram

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1769275-francialyk-notre-dame-de-paris-kojylymyny-kazaksa-nskasy-tamasalandy.html