RU
Ақмола облысында полицей келіншек екі баланы өрттен аман алып қалды (видео)
Жаңалықтар Қоғам

Ақмола облысында полицей келіншек екі баланы өрттен аман алып қалды (видео)

Рассказать Вконтакте

Ақмола облысында полицей келіншек екі баланы өрттен аман алып қалды. Астанадағы кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы Ақбота Еңсебаева көршісінің үйінен әлдебір жарылысты естіген соң бірден көмекке ұмтылған деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Фото: Видеодан кадр/ 31 арна

Фото: Видеодан кадр/ 31 арна

Оқыс оқиға орын алған кезде Ақбота жұбайы және екі баласымен бірге өз үйлерінде болған. Сағат түнгі 22:30 шамасында басталған өртті сезген ерлі-зайыптылар бірден жүгіріп шығып, көршілерінің үйіне ұмтылған көрінеді.

"Мен үйге кірген кезде от қатты лаулап жанып жатты. Мен дереу үйге кірдім. ойымда тек қана бала болды. Көмегімді көрсетейін деп ойладым. Үйге кіріп, баланы алып, дереу далаға шығып, өзімнің үйіме алып келдім. Сол кезде от үйдің екінші жағына шарпыды", - деді ол.

Осылайша, полицей төрт және жеті жасар баланы ажалдан аман алып қалған. Алайда, ол өзінің бұл әрекетін ерлік деп санамайтынын, төтенше жағдайда кез келген адам осы іске баратынын айтады.

Айта кетерлігі, өрттен зардап шеккен көршілерін Еңсебаевтар жанұясы өз үйлеріне кіргізген. Ал қызыл жалынға баллоннан шамадан тыс газдың толтырылуы себеп болуы мүмкін.

Куәгерлердің сөзінше, өрт үйді небәрі жарты сағатта шарпып өткен. Ал тек қана іргетасы ғана қалған үйдің иелері қазір туыстары мен таныстарының үйін паналауға мәжбүр болып отыр.

Аязды күні баспанасыз қалған жанұяға қазір елордалық еріктілер көмек қолын созуда. Олар құжаттары мен үйлерінен айырылған отбасыға бір айға пәтер жалдап беріпті. Бұдан бөлек, киім-кешек пен төсек-орын әкеліп, ақшалай да көмек көрсетіп жатқан көрінеді.

"Бізге әкімдік, жалпы билік өкілдері емес, қарапайым бұқара көмектесіп жатыр. Біреу тамақ алып келсе, енді біреуі төсек-орын, киім-кешек алып келді. Алғысымыз шексіз. Біраз тығырыққа тіреліп тұрмын. Себебі, бұл үйді салуға бүкіл қаражатымды жұмсадым. Тұрғанымызға жарты жыл ғана болды. Енді қайтадан баспана көтеруге қауқарым жоқ", - дейді үй иесі Қанат Кәріпов.

Дереккөз: "Алматы" телеарнасы

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
3
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel