RU
Астаналықтар жаңа жылды тойлау үшін жаппай Дубайға ағылып жатыр
Жаңалықтар Қоғам

Астаналықтар жаңа жылды тойлау үшін жаппай Дубайға ағылып жатыр

Рассказать Вконтакте

Астаналық ауқаттылар жаңа жылды шетелде қарсы алу үшін, алдын ала түрлі турларға тапсырыс берген көрінеді. Елордалықтардың әсіресе Еуропа елдері мен Дубайда демалуды жөн санайтыны белгілі деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі фото: astravel.com.ua

Көрнекі фото: astravel.com.ua

Астанадағы туристік компания өкілдерінің айтуынша, қыс мезгілінде Еуропа елдері, Таиланд, Хайнань аралдары мен Дубайға сұраныс артады екен.

"Астанада өздеріңіз көргендей, биыл қыс ерекше суық болып тұр. Сондықтан адамдар қазірдің өзінде түрлі турларға тапсырыс беріп, жылы жақтарда демалуды жөн көріп отыр. Ал негізі жаңа жылға тапсырысты бұдан бірнеше ай бұрын беріп қойған.

Егер жаңа жылды қай елдерде жиі қарсы алады деген сауалға келер болсақ, Дубай және Еуропа елдері деп айтар едім. Себебі, Еуропада 25 желтоқсан Рождество мерекесі тойланатындықтан, ол жақта тіпті бір ай бұрын жаңа жылға дайындық басталып кетеді. Сол себепті, көпшілік сол әдемілікті тамашалығысы келіп, жаңа жылды Еуропа елдерінде қарсы алуды ұйғарып жатады.

Сол сияқты Дубайға барушылардың да қатары қалың. Себебі онда жаңа жыл түні әлемге әйгілі отшашу болады. Соны көру мақсатымен әрі жаңа жылды жылы елде қарсы алу үшін Дубай турларына да тапсырыс көп. Олардың бағалары да әртүрлі. Бірақ 31 желтоқсан күнгі баға жылдың басқа күндерінен қымбат екенін мойындау керек.

Өйткені бұл түні адамдардың жататын орындары мен тамақтарынан бөлек, жаңа жылдық шоу, 31 желтоқсан күніне арналған романтикалық кеш сынды қызмет түрлері қосылады. Бірақ кейбір туристік компаниялар мерекеге орай арнайы жеңілдіктер ұйымдастырады", - деп түсіндірді маман.

Сонымен бірге, маман Хайнань аралдары, Таиланд, Египет, Бали және Доминикана Республикасына баратындардың қатары көп екенін алға тартты.

"Жазда осы аталған жерлерге бару қауіпті. Себебі ауа райы өте қолайсыз болуы мүмкін. Мәселен жел тұрып, дауыл соғуы мүмкін. Сондықтан көпшілік қыста барғанды жөн санайды. Бұл елдерге апаратын турлардың бағасы да әр түрлі. Бергісі 200 мың теңгеден бастап, 1000 долларға дейін", - дейді маман.

Маманның айтуынша, турға тапсырыс берушілердің көпшілігін Астана, Қарағанды, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары құрайды екен.

"Алматылықтар бізге келе бермейді. Себебі ол жақтан арнайы рейстер ұшады. Бізге сол жергілікті халық пен орталық Қазақстан тұрғындары жиі келеді. Сондай-ақ шалғайда жатқан шымкенттіктер де шетелге жиі шығады", - деді ол.

Туристік агенттік өкілінің сөзінше, мұндай турларға көбінесе ауқатты адамдар тапсырыс береді екен.

"Қарапайым адамдардың қалтасы көтере бермейді ғой? Сондықтан көп жағдайда қалталы адамдар бараты рас", - деп сөзін қорытындылады маман.
Сіздің реакцияңыз
12
0
0
1
0
3
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel