RU
Қазақстанға көшіп келген ағылшын азаматы Астананың қысына ерекше дайындалған (фото)

Қазақстанға көшіп келген ағылшын азаматы Астананың қысына ерекше дайындалған (фото)

Рассказать Вконтакте

Қазақстанға биыл күзде ғана келген ағылшын азаматы Астананың қысы қатал екенін айтып, Қазақстан жайлы алғашқы әсерлерімен бөлісті. Отанында әйгілі Диана ханшайым алған атаққа қол жеткізген британиялық Шейх Билал хан қазақ халқын қонақжай әрі ашық дейді. NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында ағылшын азаматы, сондай-ақ, өзі жайлы да қызық деректер айтып берді.

Коллаж: NUR.KZ

Коллаж: NUR.KZ

- Шейх Билал Хан, Қазақстанға қашан келдіңіз?

Қазақстанға кеңесші және арбитр ретінде көп рет келдім. Бірақ биылғы жылдың қыркүйек айында біржола көшіп келдім. Өзім жайлы айтатын болсам, ағылшын азаматымын. Ұлыбританияның солтүстігінде дүниеге келдім. Кезінде атам Пәкістаннан Ұлыбританияға көшіп келген еді. Содан тараған ұрпақтар - британиялықтармыз.

- Отбасыңыз да өзіңізбен бірге келді ғой?

Әрине, жұбайым Рабияхан мен екі жасар қызым Айша да Астанада. Әйелім мұғалім. Ал қызым әзірге үйде, балабақшаға келесі жылы береміз деп жоспарлап отырмыз.

- Бос уақытта немен айналысасыз?

- Қолым бос кезде отбасыммен қыдырғанды ұнатамын. Мәселен, қызымды түрлі ойын-сауық орталықтарына апарып, ойнатамын. Сосын Астана операға және хоккейге жиі барып тұрамын.

- Спортпен де шұғылданатын шығарсыз?

Иә, спорт десе жанымды беремін. Өздеріңіз білесіздер, Англияда футбол қатты дамыған. Сондықтан футболдың, оның ішінде Манчестер Юнайтед командасының жанкүйерімін. Сосын боксты да ұнатамын. Жерлестеріңіз Геннадий Головкин жайлы да білемін. Сосын Қазақстанның хоккей құрамасының ойындарын да қарап жүрмін.

- Қазақстанға алғаш келгенде, қандай әсерде болдыңыз?

Алғаш алған әсерім туралы айтсам, Қазақстан - қысы ызғарлы ел болғанымен, халқы өте қонақжай, ашық. Орыс және қазақ тілдерін түсінбесем де, жергілікті халықтың үнемі күлімдеп жүретінін, жылы, мейірімді екенін байқадым. Тіпті "Қалыңыз қалай?" деп сұрасам да, сені түсінсін-түсінбесін үнемі күлімсіреп тұрады. Бұл өте жақсы қасиет емес пе? Қазір "Астана" халықаралық қаржы орталығында қызметтемін. Мұндағы әріптестерім де маған бірінші күннен бастап өз үйімде сезінетіндей өте жылы қарсы алды.

- Ал Астана жайлы не айтасыз?

Астана әлемдегі ең жас астаналардың бірі ғой? Оның бас қала атанғанына бар-жоғы 20 жыл ғана уақыт болды. Қала құрылысына белгілі британиялық сәулетші Норман Фостердің өзі үлес қосқан. Қала ішіндегі жолдар тақтайдай тегіс, көшелер кең. Бірақ қалада кептеліс мәселесі бар, оны мойындау керек. Меніңше, кептелістен арылу үшін сіздерге Дубайдағы сияқты жол үстінен көпірлер салу қажет. Мен Орталық Азия елдерінің көпшілігінде болдым, Астана осы өңірдегі қалалардың ішіндегі ең ерекшесі деп ойлаймын.

- Қазір Астанада қатты аяз. Осындай қытымыр қысқа үйрендіңіз бе?

Негізі қысты көп ұната бермеймін. Бірақ осындағы қысқа тез үйреніп кетемін деген ойдамын. Мысалы бізде Лондонда қатты аяздың өзінде жаңбыр жауып тұрады. Көп жағдайда температура 0 градус шамасын ғана көрсетеді. Ал сіздерде аяз -40-қа дейін көтеріледі деп естідім. Сол себепті арнайы тон, жылы аяқ киім, тіпті бас киім – малақайға дейін сатып алдым. Ал балалар үшін мынадай таза ауа мен аппақ қар керемет емес пе? Не болса да, Астананың қысына үйреніп кетеміз деген ойдамын.

- Ұлттық тағамдардан дәм таттыңыз ба?

Әрине, бешбармақтан да, қымыз бен кебаптан да ауыз тидім. Бәрінен бұрын салаттар ұнайтын шығар. Сіздерде тауық, балық еті қосылған салаттарды өте дәмді даярлайды.

- Білуімізше, сіз кезінде Диана ханшайым алған "Freeman of the City of London" марапатына лайықты деп танылғансыз. Осы жайлы айтып бересіз бе?

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Бұл марапат соңғы 20-30 жылда Лондонның дамуына үлес қосқан жандарға беріледі. Оны бұрындары өзіңіз айтқан Диана ханшайым, Нельсон Мандела, сэр Уинстон Черчилль және тағы басқалар алған. Маған бұл марапат білікті заңгер ретінде қала дамуына қосқан үлесім үшін берілді.

Айта кетерлігі, мен Ұлыбританың ең танымал бес ірі заң фирмаларының бірінде жұмыс жасадым. Ал бір кездері Чарльз ханзаданың Princess's Trust компаниясында да қызмет еткенмін. Сол сияқты әлемнің көптеген университеттерінде дәріс оқығанмын. Қазір есептесем, соңғы жылдары әлем бойынша 60-70-тен астам конференцияға қатысыппын.

Әңгімеңізге рахмет!

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
1
0
7
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel