RU
Қызылордалық жігіт нашаға тәуелділікті намазбен қалай жеңгенін баяндады
Жаңалықтар Қоғам

Қызылордалық жігіт нашаға тәуелділікті намазбен қалай жеңгенін баяндады

Рассказать Вконтакте

Қызылорда қаласының 33 жастағы Мадияр есімді тұрғынына намаз нашақорлықты жеңуге көмектескен. Бірнеше жыл жаман әдетке тәуелді болған азамат талай қиын күндерді басынан кешкенін айтады. Үлкен құдіреттің барына кәмілсіз сенетін жігіт өзінің тағдырын NUR.KZ-ке баяндап берді.

Көрнекі фото: camonitor.kz

Көрнекі фото: camonitor.kz

Бүгінде Мадиярды қаладағы мешіттердің бірінен жиі көруге болады. Азамат бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысады. Сондай-ақ, жұма намазында да жамағатпен бірге Аллаға құлшылық етеді. Мадиярдың осылай иманға бет бұрғанына көп уақыт бола қоймаған. Осыдан үш жыл бұрын ғана нашаға тәуелділіктен құтыла алмай жүргенін қиналып есіңе алады.

"28 жасымда әйеліммен ажырастым. Өте қиын уақыттар болды. Жұмыстан да шығып қалдым. Адам бір мезеттен бәрінен айырылып қалғанда тығырыққа тіреледі екен. Достарыммен күнде кездесіп, арақ ішетін болдық. Күнделікті масаң күйде үйге келіп жүрдім. Бұл жағдай жақындарымның жанына батып жүргенін білсем де, қоймадым", - деп әңгімесін бастады Мадияр.

Бір күні Мадияр достарына ілесіп Алматыға кетіп қалған. Сол жақта жүріп, алғаш рет есірткі пайдаланып көрген. Кейін осы затты қызылордалық достарынан да пайдалануды үйренген.

"Марихуаннаға ағзам үйреніп кетті. Пайдаланбасам, денем сырқырайтын болды. Өз еркіммен бірнеше рет қоюға да тырыстым. Бірақ шыдамым ұзаққа жетпейтін. Оның үстіне ақшаның бәрі соған кететін болды", - дейді қызылордалық жігіт.

Жұмысынан айырылып қалғаннан кейін, Мадияр қара жұмыспен айналысуды бастаған. Құрылыста да еңбек етіп, жол-жөнекей табыс тауып жүрген. Тапқан ақшаның барлығын анаша алуға жұмсаумен болған.

"Денсаулығым нашарлап кетті. Үнемі сырқаттанып жүрдім. Бұрынғы әйелім балаларыммен кездестірмейтін болды. Ұлым менен қорқатын болды. Туысқандарыммен араласуды доғардым. Есігі жоқ бөлмеге қамалып отырғандаймын. Ақша үнемі жетпейтін болды. Ара-арасында үйдегі бағалы заттарды ұрлап кететін болдым. Анам ауру болды. Менің шегіп алған түрімді көрсе, жылап қалатын", - дейді Мадияр.

Жас жігіт анасының қалауымен, облыстық наркологиялық диспансерге жатып ем де қабылдаған. Дәрігерлер қолдарынан келгенше көмектесуге талпыныпты. Тәуелділіктен арылуға тырысқанымен алайда ем нәтижесі ұзаққа бармай, араға бірнеше ай өткен соң бәрі қайта басталыпты.

"Бір күні үйге келсем, анам жылап отыр екен. Неке екенін білмеймін, бірақ сол күні анашымды қатты аяп кеттім. Түнде ұйқыдан тұрсам, анам жайнамазда отыр екен. Дұғасында Алладан өзің алуды өтініп жатыр. Менің қорлығымды көруден шаршағанын айтты. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Не істерімді білмедім. Өз-өзіме қол салғым келді", - дейді азамат.

Арада бірнеше күннен кейін Мадияр мешіттегі имамға жолыққанын айтады. Алла жолында жүрген кісімен сырласып, бойындағы мәселені ашып айтқан екен.

"Ол имам кісіні қызылордалықтардың көбісі жақсы таниды. Ол кісі маған алдымен дәрет алуды, дұға жасауды үйретті. Қазір Аллаға шүкір бес мезгіл намазымды қаза қылмаймын. Намазға жығылған соң, бойымда күш-қуат көбейгендей болды. Өз еркім – өзіме берілгендей болды. Дәрігерлерге өзім бардым. Маған көмектесулерін жылап өтіндім. Қазір нашаны қойғаныма үш жылдан асып бара жатыр. Өз мамандығыммен жұмысқа орналастым. Аллаға шүкір, бәрі жақсы", - дейді кейіпкеріміз.

Осылайша, нашақорлықты намазбен жеңген жігіт өз оқиғасы көпшілікке үлгі болғанын қалайды. Ендігі кезекте, өмірлік жарын қайта кездестіріп, отбасын құруды армандайды.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
1
1
26
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel