RU
"Өкіре береді": 40 жастағы ақтөбелік азаматты енесі қасықпен тамақ беріп, бағып отыр
Жаңалықтар Қоғам

"Өкіре береді": 40 жастағы ақтөбелік азаматты енесі қасықпен тамақ беріп, бағып отыр

Рассказать Вконтакте

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Тереңсай ауылының тұрғыны Әзіретқали Баймұратовты енесі бағып отыр. 40 жастағы екі баланың әкесі төрт ай бұрын ғана сап-сау болған. Жұмысына барып, отбасын асырап отырған азаматты ауылдастары тепкілеп, мүгедек қылып тастапты. Қазір бір үйдің иесі ақыл-есінен айырылған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі фото: Аптека-в-москве.рф

Көрнекі фото: Аптека-в-москве.рф

"Мен Әзіретқалидің енесімін. Күйеу баламның ауыр халге түскеніне төрт ай болды. Вахтада жұмыс істейтін. 15 қыркүйек күні жұмыстан келіп, достары қонаққа шақырды.

Сол жерде отырғанында сырттан басқа жігіттер келіп, бұлардың естерін тандыра теуіп тастаған. Менің баламды жатқан жерінде басынан теуіп, талдырып қашып кетіпті.

Сол жерге полиция шақырған. Ауылдың медбикесі де жағдайын көрді.

Талып жатқан күйеу баламды інісі үйге алып келді. Ертеңіне де ес жимағаннан кейін аудандық ауруханаға әкелдік.

Ол жерде санавиация шақырып, облыс орталығына жеткізді. Күйеу балам 15 күннен кейін есін жинады.

Басын ұстап, шала туған бұзаудай өкіре береді. Даусы құлағыңнан кетпейді. Қазір мүгедектікке құжаттар жасап жатырмыз.

40 жастағы азаматқа қасықпен тамақ беріп, есікті кілттеп бағып отырмыз", - дейді күйеу баласының жағдайын баяндаған Айнагүл Жұмаханова.

Ал прокурорлар шалғай ауылдағы жанжалға қатысты төрт айдан бері тергеу жұмыстарының жүріп жатқанын баяндап берді.

"Тұрғын прокурордың қабылдауында болып, ауызша шағым түсірді. Бұл жағдайға қатысты материалдар жинақталуда. Қылмыстық кодекстің 106-107 баптарымен іс қозғалып, тергеліп жатыр", - деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Мүгедек болып қалған 40 жастағы азаматы қазір өзінің анасы мен енесі бағып отыр.

Сіздің реакцияңыз
0
3
16
68
0
3
3
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel