RU

Жаңа жылда шенеуніктерге ең көп сыйлық қай қалада ұсынылғаны белгілі болды

Жаңа жылдық мереке кезінде халықтан сыйлық алған шенеуніктер жауапқа тартылды. Жемқорлыққа қарсы агенттік мерекеде рейд жүргізіп, Шымкент қаласының тұрғындары шенеуніктерге сыйлық жасауға құмар екенін анықтаған деп хабарлайды КТК арнасы.

vnnews.ru
Көрнекі фото:vnnews.ru: Twitter

Тұрғындар мемлекеттік қызметкерлерге көбінесе торт, кәмпит және екі мың теңге ұсыныпты.

Әсіресе Шымкент қаласының тұрғындары шенеуніктерді қуантуға құмар екен. Шаһар жұрты әкімдік, басқарма, аурухана мен мектеп қызметкерлеріне жиі  сыйлық жасайды. Жемқорлыққа қарсы агенттік мерекеде рейд жүргізіп, сыйлықтарды санап та шыққан. Сонымен,  жаңа жыл қарсаңында Шымкентте – 52, Алматы облысында – 40, Түркістан облысында – 13, Павлодар облысында – алты атқамінер сырттан келген сыйлықтан бас тартпаған.

Солтүстік Қазақстан облысы Статистика департаментінің екі қызметкері тұрғындардан торт алған. 

Ал Қарағанды облысы мемлекеттік кіріс басқарамасының қызметкері рақмет ретінде екі мың теңге алғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

Азаматтар шенеуніктерге көбіне кітап, ішімдік пен тәттілер алып келеді екен.

Заң бойынша атқарған жұмысы үшін жұрттан сыйлық қабылдағандар әкімшілік, тәртіптік, тіпті, қылмыстық жауапқа тартылады.

"Бұл жерде әкімшілік айыппұлдың сомасы, егер қысқартылған түрде жүретін болса, 300 АЕК, яғни, миллионнан астам айыппұл салған болатынбыз.  Жалпы,  жыл бойын алатын болсақ, 37 адам айыппұлға тартылды", - деді мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1773394-zaa-zylda-seneunikterge-e-kp-syjlyk-kaj-kalada-synylgany-belgili-boldy.html