RU
Түркістан облысында 21 жастағы ұлынан айырылған ата-ана жанайқайын айтты
Жаңалықтар Қоғам

Түркістан облысында 21 жастағы ұлынан айырылған ата-ана жанайқайын айтты

Рассказать Вконтакте

Түркістан облысында айдың-күннің аманында 21 жастағы перзентінен айырылып қалған ата-ана мен туыстары жанайқайын жеткізді. Марқұмның жақындары тергеу жұмыстарының заңдылығына күмәнмен қарайды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Құлатай Асылбек. Фото отбасылық мұрағаттан

Құлатай Асылбек. Фото отбасылық мұрағаттан

Оқиға 22 желтоқсан күні Созақ ауданы, Шолаққорған елді мекенінде болған. Сол күні түнгі сағат 23.30 шамасында үйінде жатқан жерінен Құлатай Асылбек Талғатұлын жолдастары шақырып, ертіп алып кетеді.

Жолдастары сегіз жігіт болып, екінші тараптың төрт жігітімен кездескен. Марқұмның туыстарының айтуынша, 4 жігіт алдын ала қаруланып, о бастан жаман пиғылмен бекініп келген.

"Төрт жігіт сегіздің үшеуін жарақаттаған. Үш жігіттің пышақталғанын көрген қалғандары оқиға орнынан қашып кеткен. Жарақаттанған үшеуі де қансырап далада жатқан. Асылбек ауруханада жатқанда тілге келіп, есін білген. Тек жансақтау бөліміне жетпестен жантәсілім еткен", - дейді кісі қолынан қаза болған жігіттің туыстары.

Үйінен аман-есен кеткен ұлдары туралы қаралы хабарды туыстары түнгі 3-тен асқанда естіген. Олар Асылбектің ауруханада көз жұмғанын білген.

Қасындағы жарақат алған екі жолдасы ауруханада ем-дом алған көрінеді. Қазір жиырма бірінде қыршын қиылған жігіттің туыстары тергеудің барысына күмәнмен қарап отыр.

Құлатай Асылбек. Фото отбасылық мұрағаттан

Құлатай Асылбек. Фото отбасылық мұрағаттан

"Оқиға орнынан неге пышақ табылмаған. Асылбек пышақ жарақатынан көз жұмды. Бір емес, бірнеше жарақаты болған. Басынан да соққы алған. Біздін күмәніміз тергеушілерде. Дұрыс жұмыс жүргізіп жатқан жоқ, пышақтап өлтіріп кетті, бірақ пышақ табылмады. Неге? Қалай табылмайды?", - деп шырылдайды туысқан әпкесі.

Бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Түркістан облыстық полиция департаменті күдікті төрт азаматтың ұсталғанын, қазір тергеу амалдарының жүріп жатқанын мәлімдеді.

"2018 жылдың 22 желтоқсанында Созақ ауданында орын алған оқиға бойынша, Созақ АПБ-де ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабымен "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" СДТТБ тізіліміне тіркелді.
Күдікті 4 азамат ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда, аталмыш қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, сараптамалар тағайындалды. Тағайындалған сараптама қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп ресми жауап берді полициядан.

Ал марқұм жігіттің туыстары тергеудің ашықтығы мен туралығына мүлдем сенбейді. Тіпті, айыпталушыларға "психиткалық ауытқуы бар" деген анықтама алып, жауапкершіліктен сытылып кетулері мүмкін деп отыр.

Себебі, қанды оқиғаға күдіктілердің екеуінің туысы құқық қорғау органдарында жоғары лауазымға ие көрінеді. Күдіктілердің отбасы, не туыстары келіп марқұмның отбасынан кешірім сұрамаған.

Сіздің реакцияңыз
2
3
2
32
1
1
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel