Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде алты айдан бері жалақы алмаған жүзден аса жұмысшы шу шығарды (фото)

Опубликовано:

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бершүгір ауылында қиыршық тас өндіретін "Жаңатас-Ақтөбе" мекемесінің жұмысшылары алты айдан бері жалақысын ала алмай отыр. Адал еңбекақысына зар болған жұмысшылардың саны жүзден асады. Ең сорақысы, шағымын айтқандарға еңбек инспекциясынан да, соттан да көмек болмаған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Аталмыш компания бір жұмысшының өзіне 2,5 млн теңге қарыз екен.

"Мен осы компанияда 2015 жылдан бері жұмыс істеймін. Өткен жылдың маусым айынан бері жалақы ала алмай отырмыз. Еңбек инспекциясына жазған арызымыздан да ештеңе шыққан жоқ. Компания менің өзіме 2,5 миллион теңге беруі керек. Қаншама жұмысшы жалақыларын ала алмай қаңғып жүр.
Арамызда жол-пұлын да таба алмай отырғандар бар. Ең сорақысы зейнетақы қорына барып білгенімде компания үш жылдың үшінде тек алты айға ғана зейнетақыға ақша аударған. Қалған уақыттың ақшасы жоқ. Ертең біздің зейнетақымыз қалай есептеледі?", - дейді "Жаңатас-Ақтөбе" мекемесінің қызметкері Төлеу Жандулин.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Жүзден аса жұмысшы еңбек инспекциясынан көмек болмаған соң сотқа да арыз түсіріпті.

"Осы компания маған 465 мың теңге қарыз. Оның үстіне зейнетақы қорына ақшамыз аударылмаған. Егер осындай жағдайда жеке адам қарыз болса, сот орындаушылар үйіндегі теледидарын тартып алады. 104 қызметкердің жалақысын бермеген компанияға неге үкімет шара қолданбайды?!
Біз жағдайымызды қиналғандығымыздан айтып тұрмыз. Себебі сот шешімі де орындалмай отыр. Ең сорақысы оны ешкім талап етіп жатқан жоқ", - дейді мекеме жүргізушісі Мұрат Меңайдаров.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Ақтөбе облысындағы еңбек инспекциясының мамандары жұмысшыларына қарыз мекемеге қатысты өздерінің ештеңе жасай алмай отырғандарын мойындап отыр.

"Қолымыздан не келді? Біз бәрін жасадық. Соттың шешімдері бар. Бірақ, сот бұйрықтары бұзылып жатыр. Оның себебін біз түсінбейміз", - дейді облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Ал жағдайларын айтып, облыс әкімдігінен араша сұрап келген жұмысшыларды әкімнің орынбасары күтіп алды.

"Бұл мекеме бойынша 64 млн теңге қарыз бар. Жұмысшылардың қолында келісімшарт бар. Сол бойынша заңға сәйкес жұмыстар жасалып жатыр. Мекеме жұмысшымен арадағы шартты орындау керек", - дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1777396-aktbede-alty-ajdan-beri-zalaky-almagan-zzden-asa-zmyssy-su-sygardy-foto/

pixel