Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәніне жын кірген шымкенттік жігіт имамның көмегімен өмірге қайта оралды

Опубликовано:

Шымкентте құмар ойынның жетегінде кеткен жігіт отбасын тастап, үйінен безіп кеткен. Отағасын тәуіп-бақсыларға апарған жанұя ақыры мешіт имамына барып, жігітті сүренің көмегімен аман алып қалыпты. Жергілікті имам отағасының ішіне жын кіріп кеткенін ашық айтқан деп жазады NUR.KZ.

Көрнекі фото: stiel.ru
Көрнекі фото: stiel.ru: Facebook

Шымкенттік Айгүл есімді келіншек (ред. аты-жөні кейіпкердің өтінішімен өзгертілді) осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуінің құмар ойынның жетегінде қалай кеткенін айтып берді.

"Жолдасыммен студент кезден таныс едік. Бірге оқып, колледжд бітіріп, шаңырақ көтергенбіз. Екі баламды бірінен кейін бірін дүниеге әкелдім.

Мен бала күтіміне байланысты декретте отырғандықтан, ол жұмысқа тұрып, отбасымызды асырап отырған болатын.

Қалада ата-енемізбен бірге тұрдық, бәрі ойдағыдай еді. Осыдан екі жыл бұрынғы жағдай ғой, қазір ойлап қарасам, қиын күндерді бастан кешіріппіз.

Жолдасым жұмыстан кешігуді, үйге қонбауды шығарды. Ата-енем де, мен де сұрақтың астына алсақ та, ештеңе демейтін. Айналасы бір-екі айдың ішінде ешкіммен сөйлеспейтін, тұйық адамға айналып кетті.

Мұндайда адамға бірден жаман ой келеді, мен оны басқа әйелмен кездесіп жүр ме екен немесе басқа жанұясы бар ма деп күдіктендім.

Бірақ бұрынғыдай үйге ақша әкелмейтінін көріп, керісінше, менің тойдан келген алтындарымды, ата-енемнің тыққан ақшасына дейін алып кеткенін біліп, жаман жолға түскенін білдім.

Айтқаным айдай келіп, ол құмар ойынға кіріп кетіп, содан шыға алмай қалған екен", - деп әңгімелеп берді келіншек.

Айгүлдің айтуынша, ата-енесі баласының құмар ойынға салынғанын біліп, тәуіптерге, бақсы-балгерлерге апарыпты.

Алайда ешқайсысынан емделмеген жігітті ақыры мешіт имамы тәубесіне келтірген.

"Осында жергілікті мешіттегі таныс имамға апардық. Ол кісі ішіне жын кіріп кеткенін, тіпті, беті бері қарамайтынын айтқан еді.

Бірақ үмітімізді үзбей, күнделікті апарып, сүре оқытып жүрдік. Күйеуім жуас бала, ата-енемнен қорыққаннан мешітке барды.

Тәуіптер, құмалақ салатын апалардың бәрі болашағы бұлыңғыр екенін айқан еді. Үйде апталап болмаған күндері амалсыздан сол кісілерді жағалайтынбыз.

Қараңғы жерде, құмар ойынның жетегінде жүр деп айтатын. "Оған тіпті отбасы да, бала да, ештеңе керек емес, келешегінен үміт күтпеңдер", - деген.

Бірақ алдымен құдай, кейін сол имамның, сүренің құдыретінің арқасында күйеуім өмірге қайта оралды. Ата-енем теріс жолға қайт түспесін деп бізді Қаскелеңге көшіріп жіберді.

Қазір шүкір қиын күндердің бәрі артта қалды. Енді Алладан тек сол күндер қайта оралмаса екен, күйеуімнің болашағы жарқын болса екен деп тілеймін.

Қазір күйеуім ел қатарлы жұмысын істеп, жұма күндері мешітке баратын болды. Әйел адамға бұдан асқан бақыт жоқ шығар, енді тек түзу жолда болсыншы деп күнде тілеймін", - деп әңгімесін аяқтады келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1779363-tnine-zyn-kirgen-symkenttik-zigit-imamny-kmegimen-mirge-kajta-oraldy/

pixel