RU

"Қашпаймын": ІІМ жаңа бастығы ведомство жұмысын ашық көрсетпекші

Қазақстанның жаңа Ішкі істер министрі үкімет кулуарында іске толығымен кіріскен соң журналистерден қашпай, барлық сұрақтарға жауап беретінін мәлімдеді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Фото: ІІМ баспасөз қызметі
Фото: ІІМ баспасөз қызметі: UGC

Журналистер Үкімет отырысында жақында тағайындалған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан өртке қарсы қауіпсіздік жөніндегі іс-шаралар жоспарын қайта қарау мен қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілетіндігін сұрады.

Ал ІІМ бастығы істің мән-жайын анықтап, кіріскен соң БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг ұйымдастыратынын, онда тілшілер өздерін қызықтырған сұрақтарды қоя алатынын айтты.

"Мен кейін жеке брифинг өткізейін. Қазір іске кірісіп алайын. Содан соң сіздердің қайта құру бағдарламасы мен алдағы уақыттағы жоспарларға қатысты сұрақтарыңызға жауап беретін боламын. Бірақ дәлізде емес. Мен сіздерден қашпаймын, сіздермен жақын қарым-қатынаста боламын. Кеңесші бар, жұмысты бастап кеттік", - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Айта кетейік, Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрі қызметіне өткен аптада келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1779381-kaspajmyn-iim-zaa-bastygy-vedomstvo-zmysyn-asyk-krsetpeksi.html