RU

Астанада азық-түлік пен киім-кешекті тегін тарататын дүкен туралы не білеміз?

Астанада жағдайы төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға арналған арнайы тегін дүкен ашылады. Онда азық-түлік, киім-кешектен бастап, тұрмыстық техника сынды күнделікті тұрмысқа қажет көптеген заттар тегін таратылатын болады деп хабарлайды NUR.KZ.

Астанадағы Сығанақ көшесінің бойындағы тұрғын үйлердің бірінде тегін дүкен ашылмақ. Онда көмекке мұқтаж жандарға арналған түрлі заттар таратылатын болады.

Ерекше дүкенде тұрмысы төмен отбасыларға киім-кешек, азық-түлік, тіпті тұрмыстық техника таратылады деп күтіліп отыр.

Қазірдің өзінде дүкенге көмек қолын созып, азық-түлік пен киім-кешек апарып жатқан адамдардың саны көп көрінеді.

"Қазіргі уақытта тек заттар қабылдап жатырмыз. Құдай қаласа алдағы бір-екі аптада дүкенді ашуды жоспарлап отырмыз. Жоба аясында кез келген адам заттай, азық-түлікпен көмекке мұқтаж жандарға көмектесе алады. Негізі азық-түлікке сұраныс көп болып отыр. Алайда оны тек дүкен ашылғанда таратамыз ба деп отырмыз. Басты мақсатымыз - көмекке мұқтаж жандарды тегін киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз ету. Ал жалпы идея авторы "QARQYN" қайырымдылық қоры", - дейді жобаны жүзеге асырушы Берік Арыстанбаев.

Айта кетерлігі ерекше әлеуметтік дүкен Астанадағы Сығанақ, 15 мекенжайы бойынша орналасқан.

Көмекке мұқтаж жандарға көмектесемін дейтін кез келген қала тұрғыны аталған дүкенге барып, киім-кешек, азық-түлік бере алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1779388-astanada-azyk-tlik-pen-kiim-kesekti-tegin-taratatyn-dken-turaly-ne-bilemiz.html