RU

Ақтөбедегі қоғамдық көлікте жолаушы мен кондуктор 20 теңге үшін қырқысып қалған

Ақтөбедегі қоғамдық көліктен тағы да шу шықты. 20 теңгеге дауласқан жолаушы мен кондуктордың айқайынан кейін полиция екі жақтан түсініктеме алып жатыр деп хабарлайды NUR.KZ.

Көрнекі фото: busphoto.ru
Көрнекі фото: busphoto.ru: Depositphotos

№42 бағыттағы автобусқа мінген жолаушының айтуынша, зейнеткер анасы үшін бір ай бұрын байқамай кондукторға 80 теңге төлеп жіберген.

Қала бағыты бойынша зейнеткерердің жолақысы 60 теңге. Жолаушы 20 теңгені артық төлегенін автобустан түскенде біліп, кейін есеп айырыспақ болады.

"Ол кондуктор 20 теңгені алдында артық алып қалған болатын. Осыған дейін автобусқа мінгенімде анам мен өзіме 80 теңгеден төлеп түстім. Сол кезде анам менен "неше теңге төледің?" деп сұрады. Мен кондукторға 80 теңге бергенімді айттым. Анам: "маған 60 теңге төлеуің керек еді ғой" деді.
Біздің ауданға қатынайтын өзіміздің автобус, келесіде кем берермін деп ойладым. Кеше күйеуіммен мінген кезде 20 теңгесін жеткізбей әдейі 140 теңге бердім. Сол кезде 20 теңге үшін автобустың есігін ашпай, бізді түсірмей тастады.
"Шығыс" базарынан түсуім керек болатын. Күйеуім автобустың артынан түсіп кетті де, мені "Автовакзал" аялдамасына дейін алып келді. Сол кезде мен ашуландым да, автобустың алдында тұрған кондуктордың телефонын қалтама салып алдым.
Олар автобустың ішіндегі адамдарды шығарып, мені "телефон ұрлап алды" деп полиция шақырды. Сол кезде мен ауырып бара жатырмын деп дәрігер шақырдым. Мен олардың телефондарын не қылайын, содан кейін автобустың ішіне тастадым ғой", - дейді жолаушы Жамал Төлеуова.

Автопарк қызметкерлері осы жағдайға байланысты полицияның жұмысістеп жатқанын мәлімдеді.

"Біздің қызметкердің берген түсініктемесіне сәйкес, жолаушы мен кондуктор арасындағы кикілжің бір ай бұрынғы жол ақысына қатысты болған. Жолаушы автобуске келесі мінгенінде дауласып, кондуктордың ұялы телефонын қалтасына салып алады. Кондуктор жеке мүлкін жолаушы қалтасына салып алған соң "102" нөміріне қоңырау шалған. Қазір құқық қорғау орындары екі жақтан арыздар қабылдап, анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр", - дейді "Автопарк" ЖШС-нің директоры Ақарыс Тілеулесов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1779483-aktbedegi-kogamdyk-klikte-zolausy-men-konduktor-20-tege-sin-kyrkysyp-kalgan.html