Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақша беру керек": Астаналық әнші еліміздегі байқаулар туралы шындықты жайып салды

Опубликовано:

Астананың қымбат мейрамханалырының бірінде әнші болып қызмет ететін Елден Ж. есімді жігіт еліміздегі ән байқаулары туралы бар шындықты айтып берді. Жас жігіт өнер адамына көтерілу үшін алдымен қыруар қаражат керек дейді. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Көрнекі фото: Азаттық радиосы
Көрнекі фото: Азаттық радиосы: Facebook

Елден елордадағы қымбат мейрамханалардың бірінде ән айтып, нәпақа тауып жүр. Жас жігіттің айтуынша, еліміздегі ән байқауларында жеңімпаз атану үшін қалтаң қалың болу керек екен.

"Бұл мейрамханада ән айтып жүргеніме бір жылдан астам уақыт өтті. Семейдегі музыкалық колледжді бітіргенмін, отбасым бәрі сол жақта тұрады. Шыны керек, әнге деген икемім кішкентай кезімнен-ақ байқалатын.

Мектеп қабырғасында жүргенде де талай байқауларға қатысып, орын алып жүрдім. Қазір де осында келетін тыңдаушылардың көбі менің даусымды ерекше деп жатады.

Елдің сондай ыстық ықыласын естігенді қатты қуанамын. Әрине түрлі байқауларға да қатысып көрдім. Алайда әр сатыдан өтіп, жеңімпаз атану үшін, әділқазылардың аузын алып, ақша беруің керек.

Жалпы біздегі өнердің жағдайы сондай. Кімнің қалтасы қалың, соның бағы жанады. Әйтпесе елде талантты жастар өте көп, әттең қалтаның жұқалығынан әрі демеушілердің жоқтығынан, осылай кафе-барларды аралап, күн көруге мәжбүр болады", - деді жас жігіт.

Өнерлі әншінің айтуынша, әзірге ол ән байқауларына қатысуға асықпайтын көрінеді.

"Осында Витастың әндерін айнытпай орындағанда, бәрі таң қалып жатады. Сондықтан таланты бар адамдар жерде қалмайды деп ойлаймын. Байқауға қатысып, уақыт кетіріп, жүйкені тоздырудың да қажеті жоқ деп санаймын. Осылай мейрамханаларда ән айтып та күн көруге болады. Әзірге жаспыз, болашақ алда, тек еңбектену керек. Бұйырса біздің де бағымыз жанатын күн туар", - деді әнші жігіт.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1780338-aksa-beru-kerek-astanalyk-nsi-elimizdegi-bajkaular-turaly-syndykty-zajyp-saldy/

pixel