RU
Ақтөбеде лаңкестік оқиғадан соң "Ерлігі үшін" медалін алған полицей жұмыстан қуылған
Жаңалықтар Қоғам

Ақтөбеде лаңкестік оқиғадан соң "Ерлігі үшін" медалін алған полицей жұмыстан қуылған

Рассказать Вконтакте

Ақтөбеде лаңкестік оқиғадан зардап шеккен полицей бүгінде аумақтық полиция департаментімен соттасып жүр. Содырлардың сойқанында жарақат алған ол мүгедекке айналып, сол бойы жұмыстан шығарылған екен. Қазір сот арқылы өтемақы талап етуде деп хабарлайды КТК арнасы.

Фото: Видеодан кадр/ КТК

Фото: Видеодан кадр/ КТК

25 жастағы Әлібек Жетіғарин екі жыл полицияда қызмет еткен. Осыдан үш жыл бұрын содырлар қару сататын дүкенге шабуыл жасағанда, әріптесімен бірге ең бірінші сол жерге жетеді.

Осылайша, сержанттың іші мен оң жақ иығына оқ тиіп, үшінші топтағы мүгедекке айналады. Қазір оның қолындағы саусақтары тартылып, жұмыс істемейді. Өзінің айтуынша, оны ауруханадан шыққан бойда жұмыстан шығарып жіберген.

"Өкпем қара қазандай. Қазір ешкімге керегім болмай қалды. Полиция құрамында одан әрі еңбек етіп, мансабым да көтерілер деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Ашынасың, әрине", - дейді Әлібек.

Қазір Әлібек отбасын мүгедектігіне алатын жәрдемақымен асырап отыр. Келіншегі екінші сәбиіне аяғы ауыр. Үш жыл бұрын Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан соң оның кеудесіне "Ерлігі үшін" медалі тағылған еді.

Тіпті, биліктегілер баспана әперіп, барлық жағдайыңды жасаймыз деп уәде де беріпті. Бірақ қазір ол қызмет еткен облыстық полиция департаментіндегілер сержанттың жұмыстан шығуына қатысты мәлімдеме де жасай алмай отыр.

Әлібек Жетіғарин жұмыстан шығарған облыстық полиция департаментін сотқа беріп, өтемақы ретінде үш млн теңге талап етіпті.

Бірақ қалалық соттағылар оның арызын тек жартылай қанағаттандырған.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Анар Айтжанованың сөзінше, Жетіғариннің пайдасына 230 994 теңге көлемінде біржолғы өтемақы, 617 009 теңге жоғалған табыс сомасы, 500 мың теңге моральдік зиян есебінен өтемақы және 151 203 теңге сот шығындары өндірілген.

Қазір Әлібек қорғаушысымен облыстық сотқа жүгінсем деп отыр. Ол бұрынғы қызметіне қайта оралғысы келеді.

Дереккөз: КТК арнасы

Сіздің реакцияңыз
11
0
3
5
1
2
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel