RU

Ерболат Досаев ұлттық банк төрағасы қызметіне кірісті

Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев жаңа жұмысына кірісті. Бұл туралы ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ерболат Досаев. Фото: Хабар 24
Ерболат Досаев. Фото: Хабар 24: Facebook

Бүгін, 26 ақпанда президент әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев Ерболат Досаевты ұлттық банк ұжымына таныстырды.

Исекешев қаржы орталығы міндетінің өзгеріссіз қалатынын алға тартты.

"Бірінші кезекте, бұл ақша-кредит саясатын жетілдіру, банктік, қаржылық және нақты секторларды қалыпқа келтіру, баға тұрақтылығы мен экономикалық өсу арасындағы теңгерімді табу", – деді президент әкімшілігінің басшысы.

Оныі айтуынша, банктер активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізу, қор нарығын дамыту және басқалары өзекті мәселелер болып қалып отыр.

"Үкіметпен бірге халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында макроэкономикалық тұрақтылықты және экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі шешімдер жүйесін пысықтау қажет", – деп атап өтті Исекешев.

Ерболат Досаев мемлекет басшысына көрсетілген сенімі үшін алғысын білдірді.

Оның айтуынша, елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету мақсатында ұлттық банктің және үкіметтің бірлескен жұмысы күшейтіледі.

Еске сала кетсек, 25 ақпанда Парламент сенатының депутаттары Ұлттық банк төрағасының лауазымына Ерболат Досаевтың кандидатурасын мақұлдаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1780700-erbolat-dosaev-lttyk-bank-tragasy-kyzmetine-kiristi.html