Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаржы пирамидасы: Оңай ақшаға қызыққан астаналық жігіт сан соғып қалған

Опубликовано:

Орда бұзар жастан асқан Астана тұрғыны қаржы пирамидасына 2 мың АҚШ долларын қалай салып жібергенін айтып берді. Оның пайымынша, арбап алған пысықайлардың барлығы рөлге еніп жүреді екен. Бұл туралы өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Қаржы пирамидасына кірген астаналық тұрғын ел білмейтін сырды жайып салды
Көрнекі фото: lunnyi-kamen.ru: UGC
"Аймақтан елордаға енді ауысып жатқан кезім. Қарағандыда әжептәуір қызметте болдым. Астанаға келгенде де жұмысым жақсы болды.

Содан көптен көрмеген туыстарым хабарласып, "Мәке де Мәке" деп, қонаққа жиі шақыратын болды. Қайта-қайта арқамнан қағып, жылы-жылы сөйлейтін болды. Әрдайым жүзі жарқын, іші-бауырыңа кіріп, жақын тартып жүрді.

Жақын туыс болсақ та, өмірімізде олай жақын араласпаған шығармыз. Мені қаржы пирамидасына арбап алуға олардың бар-жоғы 4-5 күндері кетті", - деп ағынан жарылды Мейрамбек.

Мейрамбектің жақсы табыс табатынын білетін туыстары күндердің күнінде 2 мың АҚШ доллары көлемінде қомақты қаржы салу жөнінде ұсыныс айтады.

"Шынымды айтсам, олардың көңіліне де қараған болармын. Бір жағынан оңай ақша туралы айта берген соң, "менің де ақша табуға құқым жоқ па" деген пенделік оймен ақшаны қолма-қол санап бердім.

Өтті, кетті. Өзіме үлкен сабақ болды. Айтайын дегенім - ол жерде барлығының өз рөлі бар. Құдды бір әртістер секілді", - дейді ол.

Мейрамбек әрдайым жылы сөйлейтін, жұмақ өмірге сендіріп тырысатын апайды кейін дүкенге кіреберісте ұсақ-түйек сатып отырған жерінен кездестіріп қалғанын айтады.

"Төсекте жатып алып, үйдің төбесіне шырт түкіріп ақша табасыңдар" деп жиі ақыл айтатын едіңіз ғой. "Сізге не болған? Жұмақ өмір қайда?" деп іліп әкеткенім сол, апай кешірім сұрады.
"Маған өтініш айтқан соң, барып сөйлеп беріп жүрдім. Негізі, сенің де келетініңді білдік, қайда жұмыс істейтініңді, шамамен қанша табыс табатыныңды біліп отырдық", деп апай шынын айтып берді", - деп еске алады алданған жігіт.

Оның айтуынша, топтың әр мүшесі рөлге енетін көрінеді. Бірі жұмақ өмір туралы ертегі айтса, екіншісі ұялы телефонымен біреулерге жақсы жалақы аударатынын естіртіп айтатын болған.

Қалай бұрылса да, әрқайсысы бір кейіпте, барлығының рөлі бар, соны жақсылап орындап шығу керек екен.

Сөйтсе, қаржы пирамидасын құрған топ студенттерді да арбаған екен. 4-5 күн жылы-жылы сөйлеген соң, оларды несие рәсімдеуге көндірген. 

"Менің ақшам кетті. Енді кездестірген туысыммен де байланыс үзілді. Өзіме де үлкен сабақ болды. Енді жоламайтындай болдым. Қымбат сағат, шетелге саяхат, тағы басқалары арман болып қала берді", - деп қорытты сөзін Мейрамбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1781262-karzy-piramidasy-oaj-aksaga-kyzykkan-astanalyk-zigit-san-sogyp-kalgan/

pixel