RU

БҚО-да пышақ жарақатын алған ер адам көз жұмды

жаңақала
Фото: iBlogger.Ru: Facebook

Ағымдағы жылдың 29 қаңтары күні Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында адам өлімі орын алды. Пышақ жарақатын алған 30 жастағы жігіт қайтыс болды. Ал бірнеше жерден пышақталған екінші зардап шегуші Жаңақала аудандық ауруханасында жатыр деп хабарлайды Дүрбі басылымы.

Жергілікті тұрғындардың мәліметінше, кафедегі төбелеске қатысушы 6 жігіттің үшеуі діни теріс ағымды ұстанушылар екен.

"Дін жолындамыз" деген жігіттердің түнгі кафеде көңіл көтеріп, ішімдік ішуі ақылға сыймайды. Төбелес немен аяқталды?", - деген басылым тілшілері көкейдегі көп сұраққа жауап алу үшін Жаңақала аудандық ауруханасын бетке алған.

Бас дәрігер айтқандай, ауыр дене жарақатын алған 30-жастағы Максим Қойшыбаев ота үстінде көз жұмған. Ал әртүрлі пышақ жарақатын алған Ғұмаров Ғабит кеше жалпы палатаға ауыстырылды.

Төбелес неден шықты? Оқиғаның мән-жайын сұрағанда, зардап шегуші ақпарат беруден үзілді-кесілді бас тартқан.

"Ішімдіктің кесірінен бір жас өмір қыршынынан қиылды. Екіншісі ауруханада жатыр. Бұрынғы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында бүгінде құлақ естіп, көз көрмеген неше түрлі сорақылықтар жасалуда.

Екі бірдей жігітті пышақтаған күдікті Асылбек Сарбаевтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-ші бөлігіне сәйкес тергеу амалдары басталды. Күдікті Асылбек Сарбаев қамауға алынды", - деп хабардар етті басылым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1782147-bko-da-pysak-zarakatyn-algan-er-adam-kz-zmdy.html