Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде таласқа түскен бес жастағы қыз баланың тағдыры шешілді

Опубликовано:

Ақтөбеде туған анасы бола тұра күтушінің қолында тәрбиеленген 5 жастағы Әсемгүл Оразметтің алдағы уақытта кіммен тұратындығы белгілі болды. Қыздың өз анасы мен баққан анасының арасындағы жанжал бір айға жуық уақытқа созылып, мамандар тиісті шешім шығарды деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Видеодан кадр
Видеодан кадр: UGC

Қамқорлық кеңесте өз әрекеті үшін өкінген туған анасы көз жасына ерік берді. Әсемгүлді 3,5 жыл бойы бағып-қаққан Марианна Фотеску де қызды қимайтындығын аңғартты.

Отырыста Әсемгүлдің туған отбасында өсуі керектігі жайлы айтылып, мамандар осы шешімді бірауыздан құптаған.

Олар қыздың анасының тұрмыс-тіршілігін тексеріп, "талапқа сай" деп таныды.

Сонымен қатар бір апта бойы ана мен қыздың кездесуін психологтар бақылауда ұстаған.

Қамқорлық кеңестің меңгерушісі Ақырыс Шәгірованың айтуынша, анасына қатысты Астана қалалық қамқорлық органына хат жолдап, оны бақылауға алып, әкімшілік жауапқа тартуын сұрайды.

Әсел Пірманова 3,5 жыл бұрын қызын бөтен адамға тастап кеткені үшін әкімшілік жауапқа тартылуы ықтимал. 

Әсемгүлдің анасы енді қызын тастамайтынын жеткізді.

"Мен комиссияның шешімімен келісемін. Барлығына рахмет. Әсіресе, Марианаға алғыс білдіремін", - деді Әсел Пірманова. 

Марианна Фотеску Әсел қателігін қайталайды деп санайтынын ашық білдірді.

Ол кеңес кезінде Әселдің өтірік айтып отырғанына сендіруге тырысты. 

"Оны алып кеткенін қаламаймын. Алайда өзім бақылайтын боламын. Егер сәл ренжітсе, бірден сотқа беремін және кез келген жолмен тартып аламын", - деді ол.

Ал психолгтар Әсемгүлдің туған анасы мен баққан анасының татуласуын сұрады.

Олардың сөзінше, аналардың арасындағы араздық балаға кері әсерін тигізеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін ақтөбелік тұрғынның өзге әйелдің 5 жасар қызын төрт жылдан бері бағып отырғаны хабарланған еді.

Кейін бүлдіршіннің анасы табылып, ол туған қызын алып кетуге талпынған болатын. Алайда Әсемгүлді баққан жергілікті тұрғын балаға бауыр басып қалғанын айтып, оны өзінде қалдыруды сұраған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1783659-aktbede-talaska-tsken-bes-zastagy-kyz-balany-tagdyry-sesildi/

pixel