RU
Жаңаөзенде жас ана 7 жыл бойы сырқаттанған баласына жанұшыра көмек сұрауда (фото)
Жаңалықтар Қоғам

Жаңаөзенде жас ана 7 жыл бойы сырқаттанған баласына жанұшыра көмек сұрауда (фото)

Рассказать Вконтакте

Жаңаөзендік Дамир Әлімжан ауыр дертке шалдығып, бір жасынан бастап аурумен күресіп келе жатыр. Анасы Әлия Базарбайқызының айтуынша, 8 жастағы Дамирге дәрігерлер бірнеше жыл бойы нақты диагноз қоя алмай келген. Баласын аяғынан тік тұрғызуға барын салып жүрген келіншектің жанайқайын KAZ.NUR.KZ тілшісі тыңдап қайтты.

Сегіз жасар Дамир Әлімжанның анасының айтуынша, кенжесі бастапқыда дені сау бала болып дүниеге келген екен.

"Дамир өмірге дені сап-сау бала болып келді. Салмағы 3950, бойы 55 см болды. Бір жасына дейінгі барлық екпені уақытылы алып, бәрін жақсы көтерген еді. Ал бір жасында салған екпеден кейін ауырып, денесінің қызуы түспей қойғанды шығарды. Бірақ екпеге дейін балаға супрастин сияқты дәрілерін беріп, дәрігерге қаратып алған едік. Бұл 2012 жылы болған еді. Өкініштісі, сол жолы Дамирге сол жолы бірден екі екпені қатар салған еді. Дәрігерлерге тәуір-ақ "екі екпе ауыр болады, тек біреуін ғана салсаңыздар" деп өтіндім.

Алайда, олар "Жоқ, бәрі осылай алып жатыр" деп екеуін бір-ақ салды. Сөйтіп баланың қызуы түспей, айлап, жылдап осылай жоғары температурамен жүретін жағдайға душар болдық. Әлі күнге дейін, баламның осындай күйге жеткеніне екпені кінәлаймін.

Жедел-жәрдем шақырамыз, олар бізді инфекциялық ауруханаға апарып жатқызады. Ол жақта басқа ауру жұқтырып әкелеміз. Сөйтіп жүргенде балам күннен күнге арықтап, бір күні тіпті жүре алмай қалды. Астана, Алматыға апарайық десек, порталдағы кезегіміз келмеді. Жергілікті дәрігерлер алғашында "цитомегаловирусті инфекция" деген диагноз қойды. Оның екпесін қабылдап, емделген едік, температурасы түсті. Бірақ не керек, төрт айдан кейін дене қызуы қайта көтерілді", - деп әңгімесін бастады үш баланың анасы.

Амалы таусылған ана баланы өз күшімен Ақтөбеге емге әкелген екен. Алайда ондағы дәрігерлер де Дамирге нақты диагноз қоя алмаған.

"Осылайша 2013 жылы жергілікті тілшілердің көмегімен Алматыға аттандық. Алғашында ондағылар тіпті баланың 6-12 ай өмірі қалды деген. Бірақ анализдерді тапсырып, бәрін зерттей келе, Дамирдің ювиналды ревматойдты артрит деген ауруға шалдыққаны белгілі болды. Яғни баланың барлық буындарының ісініп кеткені анықталды. Сөйтіп қымбат уколдар мен дәрілерді алдық.

Баланың иммуниеті түсіп, қаны азайып кетті. Біршама салмақ тастады. Емдейміз деп бауыры, жүрегіне зақым тиді. Бойы да өспей қалды. Жоқ дегенде күн сайын 15 дәрі ішетін күйге түстік. Қазір Астанаға барып емделіп тұрамыз.

Сонда барғанда, Израильдің мамандары келіп, арнайы бір уколды тағайындаған еді. Сол препараттан кейін Дамир тұрып, жүретін болды. Бірақ саусақтары бүгілмей қалды, өзім тамағын беріп, дәретіне апарамын. Бұл уколдар жүрегі мен көзіне теріс әсер еткендіктен, қазір құны 1 миллион теңге тұратын жаңа укол тағайындады.
Қиыны ол мүгедек балаларға берілетін тегін дәрілердің қатарына енгізілмеген және ол дәрі Қазақтстанда әлі тіркелмей отыр. Сол себепті көптен көмек сұрауға мәжбүрмін", - дейді үш баланың анасы.

Бүгінде Әлия Базарбайқызы қаладағы үш бөлмелі пәтерін де сатуға қойған.

"Үш ай дене қызуы түспегенде, тек осы уколдан кейін ғана қалыпты жағдайға келді. Әрине әуелі Алла, екінші уколдың көмегі тиді деген сенімдеміз. Бұған дейінгі препараттарға алдын ала өтінім беретінбіз. Оларды қарап, елге әкелгенше ғана сатып алатынбыз, кейін тегін алатынбыз.

Қазір Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына аталмыш дәріні мүгедек балаларға тегін берілетін дәрілер тізіміне енгізу туралы ұсыныс хат жолдап қойдық.

Бір биологиялық препараттың бағасы бүгінде – 1 миллон теңге болып тұр. Қорапта 28 дана болады, яғни бір айға жетеді. Енді бір айдан кейін маған тағы 1 миллион теңге керек болады. Сол үшін халықтан көмек сұраймын. Жұмысым бар, бірақ мына препаратқа жетпейді. Бұған дейін бала күтушісін жалдадым, басқа амалым болмады.
Қыздарым сабақта, үлкені 13-те, екіншісі – 11-де. Дамирмен емге Астанаға барғанда, жолымыз да төленбейді, ұшақпен өз күшімізбен барып келіп жүрміз. Сондықтан маған миллион теңгенің уколы қиынға соғып тұр. Үш бөлмелі үйімізді де сатпақын. Ол да өтпей тұр. Құдай өзі жеткізер, арманым тек Дамирімді аяқтан тік тұрғызу", - дейді баланың анасы.

Дамир Әлімжанға көмек қолын созамын дейтіндер келесі карта номеріне ақша аудара алады:

Халық банкі: 4390 8722 0575 1128 Каспий голд: 5169 4931 8937 6059 Алия Базарбаевна (анасы)

Сіздің реакцияңыз
0
3
0
12
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel