Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі

Опубликовано:

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент палаталарының бірлескен отырысындағы сөзінің толық мәтіні жарияланды деп жазады Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы алдында ант қабылдады>>>

Тоқаев: Елбасы – саясаттағы ұлы ұстазым>>>

Әшімбаев: Астананы Нұрсұлтан деп өзгерту туралы шешім қабылданды>>>

KAZ.NUR.KZ назарларыңызға президент сөзінің толық мәтінін ұсынады:

Аса қадірлі Елбасы!

Құрметті парламент депутаттары, үкімет мүшелері!

Қымбатты отандастар!

Кеше, 19 наурызда, бүкіл әлем жұртшылығы аса маңызды тарихи оқиғаға куә болды.

Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Ұлы тұлға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты.

Елбасының бұл маңызды шешімі оның жаһандық деңгейде және тарихи ауқымда танылған саяси қайраткер ретіндегі ұлылығын көрсетті.

Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен, Қазақстан Республикасының қастерлі тәуелсіздігіне Тұңғыш трезидентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік.

Елбасы Кеңес Одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастады.

Көптеген теріс болжамдарға қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді барша әлемге мойындата білді.

Дүние жүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды.

Елбасымыз Қазақстан тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастырды.

Олардың қатарында Президенттік институт, қос палаталы Парламент, мемлекеттік қызмет, қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары бар.          

1995 жылы Ата заңымыз қабылданды.

Конституцияға енгізілген мазмұнды өзгертулер бас құжатымызға, шын мәнінде, демократиялық сипат берді. Елбасының басшылығымен Қазақстанда экономиканы жаңғыртуға бағытталған реформалар жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Сонымен қатар, мемлекеттің саяси жүйесінде елеулі өзгерістер болды.

Құрылымдық реформалар мемлекет дамуының басты қозғаушы күшіне айналды.

Елбасының жанында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен адам ретінде нық сеніммен айтарым: Президент өзінің еңбек жолын биік мақсатқа – халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арнаған бірден-бір тұлға болып саналады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нарықтық экономикасы бар қуатты мемлекет құру ісіне білек сыбана кірісті. Қиындыққа толы осы жолда ол теңдессіз табыстарға қол жеткізді.

Елбасының әр жолдауында, әсіресе, 2018 жылдың наурыз және қазан айларындағы жолдауларында, сондай-ақ Nur Otan партиясының ХVIII съезінде сөйлеген сөзінде ел мүддесін көздеген шынайы жанашырлық көрініс тапты.

Ел азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған бұл құжаттар басқа елдерде баламасы жоқ бірегей шараларды қамтиды.

Қазақстан халқының ортақ тарихи тағдыры, сондай-ақ, тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген табыстарымыз «Мәңгілік ел» тұжырымдамасында баяндалды.

Бұл құжатта баршаға ортақ мақсат, ортақ мүдде, халқымыздың кемел келешегі үйлесім тапқан. Елбасының ұсынысымен ұлт бірлігін нығайту жолында қуатты күшке айналған «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды.

Тәуелсіздік жылдарында ұлттық ұстанымға адал, шынайы сүйіспеншілік рухында тәрбиеленген жас азаматтардың тұтас бір буыны қалыптасты.

Бұған Елбасы жүзеге асырған жастар саясатының, мазмұны бірегей «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларының ықпалы болды.

Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында халқымыз төл тарихында тұңғыш рет өзін туған жердің заңды иесі сезінді, баршамыздың жүрегімізді Отан үшін мақтаныш сезімі кернеді.

"Қазақстан-2050" Стратегиясы, "Нұрлы жол" Жаңа экономикалық саясаты, "100 нақты қадам" Ұлт жоспары елімізді жаңғыртуға, Қазақстанның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған.

Бұл халықаралық аренадағы тұрақсыздық пен дағдарыстар жағдайында аса маңызды болып отыр.

Қазіргі Қазақстан – нарықтық экономикасы қалыптасқан, демократиялық әрі зайырлы мемлекет. Елімізде жекеменшік институты орнығып, орта таптың жағдайы жақсарды және кәсіпкерлік қарқынды дами түсті.

Барлық өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер уақытылы шешімін тауып келеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентінің арқасында «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Әлеуеті айрықша "Назарбаев университеті" құрылып, барлық облыс орталықтарында зияткерлік мектептер ашылды. Еліміздің әр өңірінде қазіргі кезеңнің талаптарына сай заманауи мектептер салынды. Мыңдаған азаматтарымыз шетелде және ел ішінде сапалы жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы төл мәдениетіміздің дамуына тың серпін берді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, "Тамғалы" ескерткіштері және басқа да тарихи нысандардың ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының тізіміне енуі халқымыз үшін айрықша маңызы бар оқиға болды.

Жаңа Елордамыздың бой көтеруіне Тұңғыш президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше.

Астананың құрылысы Елбасының тарихи ерлігі саналады. Бас қаламыз тәуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Елорда жаңа мемлекеттің идеологиясы ретінде киелі ұғымға ие болды.

Астанамыз, шын мәнінде, өткеннің құндылықтарын дәріптей отырып, күллі әлемге Қазақстанның жаңа бейнесін паш етті.

Елордамыз саммиттер және басқа да маңызды халықаралық кездесулер өтетін ірі орталық ретінде қалыптасты.

2017 жылы Астанада "Болашақ энергиясы" тақырыбына арналған "ЭКСПО" көрмесі өтті.

Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет.

Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек.

Бұл халқымызды, әсіресе, жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, Елбасының даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды.

Бүгін, осы жоғары мінберден өзімнің саяси ұстазым Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа әлемдік дамудың күрделі кезеңінде Ел Президенті ретінде мемлекетті басқаруыма зор сенім артқаны үшін шын жүректен Алғыс айтамын.

Баршамызға ортақ мақсат – Елбасының басты саяси және тарихи мұрасы – мемлекетіміздің Тәуелсіздігін сақтау және нығайту.

Алдымызда ел болашағы үшін атқарылатын ауқымды әрі күрделі жұмыстар тұр.

Барлық күш-жігерімді, білімімді Қазақстан игілігіне жұмсауды, халқымызға адал қызмет етуді басты міндет санаймын.

Аса қадірлі Елбасы!

Құрметті қауым!

Менің Қазақстан Республикасының Президенті лауазымындағы бірінші шешімім – "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Конституциялық Заңға және "Мемлекеттік наградалар туралы" Заңға сәйкес тәуелсіз Қазақстанды орнатуға қосқан тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуға, Қазақстан қоғамын топтастыруға сіңірген аса зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Айрықша ерекшелік белгісі – "Алтын жұлдыз" орденін тапсыра отырып, "Халық қаһарманы" атағын беремін. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1784526-kasym-zomart-tokaev-parlament-palatalaryny-birlesken-otyrysynda-sz-sjledi/

pixel